ПРЕЗИДЕНТ МЕДИЦИНА МАМАНДАРЫН ҚҰТТЫҚТАДЫ

Ақордада алғаш рет Президент еліміздің медицина қызметкерлерімен кездесіп, кәсіби мерекелерімен құттықтады. Бұл жиынның мазмұнына тоқталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Халқымыз «Бірінші байлық – денсаулық» деп бекер айтпаған. Шын мәнінде, ұлт саулығы – еліміз үшін аса маңызды құндылық. Әлемнің «екінші ұстазы» – Әл-Фараби медицинаны өнер деп бағалаған. Расында, дәрігер болу – жүректің ісі. Бұл – екінің бірі аяқ баса бермейтін жүгі ауыр, күрделі жұмыс. Медицина қызметкерлері – ұлт саулығының сақшылары, ең қадірлі мамандық иелері. Әсіресе, жаһандық індет, яғни, ковид кезінде бүкіл ел дәрігерлердің адал қызметіне куә болды. Күрделі кезеңде медицина мамандары мыңдаған адамды құтқарып қалды. Біз абзал жандардың табанды еңбегін бағалаймыз. Олардың қайсарлығын мақтан тұтамыз. «Бір адамның өмірін құтқару барша адамзатты құтқарумен бірдей». Дәрігерлер ота кезінде, аурухана палатасында күн сайын ерлік жасайды десек, артық болмайды. Жедел жәрдем көлігінде адам өміріне араша түсетін сәттер болады. Сондықтан сіздер, құрметті медицина қызметкерлері, бейбіт күннің батырлары деген атқа лайықсыздар. Мен барша медицина мамандарына зор ризашылығымды білдіремін, – деді.
Президент қазақ дәрігерлерінің ел мүддесін бәрінен биік қоятынын, ұлт қайраткерлері Халел Досмұхамедов пен Санжар Асфендияровтың белгілі дәрігер болғанын, олардың халқымыздың азаттығы үшін де, саулығы үшін де аянбай күрескенін айтты. Елімізде 380 мыңдай маман денсаулық сақтау саласында қызмет етіп жүр.
– Бүгінде еліміздің денсаулық сақтау саласында 380 мыңға жуық адам жұмыс істейді. Ұлттық медицина үдеріс үстінде. Соның нәтижесінде елімізде орташа өмір сүру ұзақтығы 75,4 жасқа жетіп, ана мен бала өлімі шамамен 12 пайызға азайған. 5 жылда жалпы саны 800-ге жуық емхана мен аурухана салынды.
Мемлекет басшысы бұл бағыттағы жұмыстардың тоқтамайтын, алдағы уақытта да инфрақұрылымды дамыта беретінін, ұлт саулығын жақсарту үшін барлық жағдай жасалатынын айтты. Ауылдарда медицина жүйесін жаңғыртуға арналған ұлттық жоба жүзеге асырылып, 469 нысан пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 186 нысан салынып, аудандық ауруханалар заманауи құралдармен жабдықталады деп күтілуде. Отандық дәрігерлердің жыл сайын жүрекке мыңдаған ашық ота жасауы аталмыш саладағы бір мақтаныш. 45 мемлекеттен 10 мыңдай адам емделу елімізге үшін арнайы келед екен. Президент мұны қазақстандық дәрігерлік көмектің жоғары сапалы болуының арқасы санайды.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Бүгінде көптеген ауруханаларымыз халықаралық аккредиттеуден өткен. Нейрохирургия мен Кардиохирургия ұлттық орталықтары әлемдік клиникалар деңгейінде жоғары технологиялы медициналық қызмет көрсетеді. Қазақстандық дәрігерлер жүрекке жыл сайын мыңдаған ашық операция жасайды. Емделушілердің қатарында тіпті, жаңа туған нәрестелер де бар. Елімізде органдарды трансплантациялау ісі жоспарлы түрде дамып келеді. Жуырда жүрек ауыстыруға арналған жүзінші ота сәтті өтті. Биыл алғаш рет бір мезетте үш адамға үш донордың бүйрегін тоғыспалы трансплантация тәсілімен салды. Өздеріне сәйкес келетін органдарды алу үшін пациенттер бір-біріне донор болды. Мұндай күрделі операциялар дүние жүзінде алты елде ғана жасалады. Онкологиялық ауруларды емдеуге сәуле терапиясының озық әдістері қолданылып жатыр. Былтырдан бері елімізде мүлде жаңа бағыт – фетальді медицина дами бастады. Яғни, бұл – ана құрсағындағы шаранаға операция жасау деген сөз. Мұндай бірегей медициналық көмек көптеген баланың дүниеге дені сау болып келуіне мүмкіндік сыйлайды. Сирек кездесетін сырқаты бар адамдарды емдеу мен денсаулығын жақсартуға ерекше мән берілуде. Мемлекеттің алдында мұндай науқастарды шетелдік қымбат дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету секілді күрделі міндет тұр. Осы орайда менің ұсынысым бойынша құрылған «Қазақстан халқына» қоры үлкен қолдау көрсетіп отыр, – деді.
Президенттің көптен бері айрықша назар аударып келе жатқан мәселенің бірі отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамыту. Әлі күнге ақсап тұрған бағытты оңалтуға ірі халықаралық инвесторларды тарту маңызды. Медицина ғылымының әлеуетін толықтай игеруге берік негіз бар. Онкология, трансплантология, неонатология, генетика, биомедицина салаларында жағымды жаңалықтар ашқан ғалымдарымыз қан ауруларын емдеуге отандық препараттар қолдануда. Мемлекет басшысы жасанды интеллект арқылы сырқаттарды анықтау мен емдеу саланың көкжиегін кеңейтетініне сенеді. Аталған перспективті салада айтарлықтай серпіліс жасау үшін ядролық медицинаның мүмкіндігін барынша пайдалануға шақырды. Денсаулық сақтау жүйесін дамыту, медицинаның деңгейі мен қолжетімділігі – елдегі өмір сапасының негізгі көрсеткіші саналады. Сала қызметкерлерін әлеуметтік тұрғыдан қолдау, олардың мәртебесін көтеру – мемлекеттің негізгі міндетінің бірі екенін атап өтті, Президент.
Қасым-Жомарт Тоқаев:
– Менің тапсырмаммен былтырдан бастап «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы беріле бастады. Бұл – медицина қызметкерлеріне деген айрықша құрметтің белгісі. Соңғы 5 жылда денсаулық сақтау саласындағы жалақы екі есеге жуық өсті. Медицина кадрларын даярлайтын жоғары оқу орындары мен колледждердің шәкіртақысы көбейді. Жас мамандардың білікті дәрігерден тағылым алып, кәсібіне тез бейімделіп кетуіне барынша жағдай жасалуда. Жалпы, денсаулық сақтау ісіне бөлінетін қаржы жыл өткен сайын артып келе жатыр. Биыл оның көлемі 2,6 триллион теңгеге жетті. Мемлекет медицина қызметкерлеріне қолдау көрсете береді. Дәрігерді халықтың қамқоршысы деуге болады. Барша жұрт мұны терең түсініп, оларға әрдайым құрмет көрсетуге тиіс. Өкінішке қарай, қоғамда дәрігердің жұмысына кедергі жасап, тіпті, қоқан-лоқы көрсететін адамдар әлі де бар. Медицина қызметкерінің қауіпсіздігіне қатер төндіретін заңсыз әрекетке жол беруге болмайды. Қоғамдық тәртіпті бұзатын осындай адамдар міндетті түрде заң аясында жауапкершілікке тартылады. Заң мен тәртіп барлық жерде бірдей қатаң сақталуға тиіс. Біз сонда ғана Әділетті әрі Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз. Осы орайда медицина қызметкерінің рөлі айрықша, – деді.
Мемлекет басшысы дәрігерлердің еңбегі қашанда лайықты бағалануы керек екенін айтып, салтанатты жиын соңында медицина майталмандарын мемлекеттік наградамен марапаттады.