СУ ҮНЕМДЕУ УАҚЫТ ТАЛАБЫ

Биыл облыста ауыл шаруашылығы дақылдары 890 мың гектарға, яғни өткен жылмен салыстырғанда 17 мың гектарға артық егілді. Ал, суармалы алқап 552,0 мың гектарға жетті.
Бұл туралы өңірдегі вегетациялық кезеңнің атқарылу барысы мен ағын су тапшылығын шешу бойынша атқарылған шаралар байланысты өткен брифингте облыс әкімінің орынбасары мәлімдеді. Ол егістікке қажетті ағын су көлемі шаруалардың сұранысына сәйкес босатылып, вегетациялық маусым қалыпты деңгейде басталған.
Қыста қар, көктемде жаңбырдың аз жауу салдарынан ағын су тапшылығының қаупі туындаған. Осыған байланысты шаруа қожалықтарына ағын суды тиімді реттеп беру, ауыл шаруашылығы дақылдарының жойылуына жол бермеу үшін су беру кестесі аудан әкімдіктерінің, шаруалардың келісімімен бекітіліп, ағын су кезекпен босатылып жатыр.
Су мөлшерінің азаю деңгейі мен туындаған қажеттілік мөлшеріне қатысты сұраққа Нұрбол Тұрашбеков облысқа жылдық қажетті лимит көлемі 4,8 млрд. м3 құрайтынын айтты. Алайда ауа райының жағдайы биылғы судың 30 пайызға кемуіне алып келуі ықтимал екенін де жоққа шығармады.
Ағын судың үлестірілуіне байланысты қиындықтар, Сайрам ауданындағы шаруалардың мәселесі, қуаңшылықтың алдын алу шаралары жөнінде сұрақтар қойылды. БАҚ өкілдері ағын суды өз бетінше бұрып алатын шаруашылықтардың жауапкершілігін қарау мәселесін жеткізді.
Облыс әкімінің орынбасары су тапшылығы Мақтаарал, Жетісай, Шардара аймақтарында сезілетінін жасырмады. Бұл аумақтар трансшекаралық суларға тәуелді. Атап айтқанда, «Достық» каналы Жетісай, Мақтаарал аудандарында 140 мың гектарды ағын сумен қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда вегетацияға 28,6 м3/сек. ағын су босатылуда, өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 10,2 м3/с кем.
Облыс әкімінің ағын суды тиімді басқару бойынша берген тапсырмасына сәйкес нақты шаралар қабылданып, қосымша машиналық су көтеру каналы арқылы 11,3 м3/с су беріліп келеді.
Ағын суды заңсыз пайдаланғандар бойынша «Арал-Сырдария» бассейн инспекциясы мамандары тарапынан облыстағы су нысандарын тұрақты тексеруде. Қазіргі таңда, анықталған құқық бұзушыларға 20 хаттама толтырылып, айыппұл салынған. Шардара ауданы прокуратурасымен бірлесе өткізген тексеру нәтижесінде 24 су сорғы қондырғылары анықталып, заңға сәйкес шаралар қабылданған.
Климаттық өзгерістер ғаламдық мәселеге айналған. Президент су тапшылығын шешуге баса мән беріп, ауыл шаруашылығын су үнемдеу технологияларына көшіруді тапсырған.
Ағымдағы жылы облыста су үнемдеу технологияларын жаңадан 27,0 мың гектарға орналастыру жоспарланған. Дегенмен, облыс мүмкіндігіне сәйкес, су үнемдеу технологияларын енгізу алаңын 59,0 мың гектарға жеткізу жоспарланған. Күні бүгінге нақты орындалғаны 46 мың гектардың төңірегінде.