СОТ ТӨРЕЛІГІНІҢ САПАСЫН АРТТЫРУ КЕРЕК

Мемлекет басшысы Жоғарғы сот төрағасы Асламбек Мерғалиевті қабылдап, сот жүйесі қызметінің биылғы бес айдағы қорытындысы жөжөнінгі есебін тыңдады.

 

Асламбек Мерғалиевтің айтуынша, өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда сот органдарына түскен талап-арыз бен шағымдар 18,1 пайызға ұлғайған. Сондай-ақ, татуластыру рәсімін қолдануда оң динамика қалыптасып келеді екен.

Сот төрелігінің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған жүйелі шаралардың нәтижесінде мемлекетпен арадағы дау кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау көрсеткіші жақсара бастаған. Әкімшілік сотта қаралған мұндай істердің 57,8 пайызында үкім азаматтар мен заңды тұлғалардың пайдасына шешілген.

 

Жоғарғы сот төрағасы қылмыстық процесс кезінде тұлғаның конституциялық құқықтары мен бостандығын қамтамасыз ету шараларына да тоқталды. Президент тапсырмасына сәйкес, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстерге ревизия жасалды. Азаматтар мен кәсіпкерлердің құқықтарын күшейтуді, тараптардың жарыспалылығы мен тең құқылығын нығайтуды, қылмыстық процесті оңтайландырып, бюрократиядан арылтауды көздейтін жаңа заң жобасы әзірленді.

Сонымен бірге, Президентке сот жүйесін цифрландыру барысы және кассациялық соттарды құру жұмыстары аяқталғаны жөнінде есеп берілді. Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев судьялар мен сот қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.

Мемлекет басшысы заң үстемдігін қамтамасыз етіп, сот төрелігінің сапасын арттыру, сонымен қатар, судьялардың тәуелсіздігі мен жауапкершілігін күшейту мақсатында сот жүйесін одан әрі жетілдіру маңызды екеніне назар аударды.