ИМПОРТ АЗАЙЫП, ЭКСПОРТ КӨБЕЙЕДІ

Президент тапсырмасына сәйкес инвестициялық жобалардың тізімі түзілуде. Өңірде импортты азайтып, экспортты көбейту көзделген. Терең өңдеумен айналысатын өндіріске басымдық берілген. Әсіресе ауыл шаруашылығы тауарларын қалдықсыз өңдеу қолға алынбақшы.
Нұралхан Көшеров
– Жеңіл өнеркәсіп, ауыл шаруашылығында Түркістан облысының әлеуеті өте жоғары. Барлық саланы терең зерделеп, мүмкіндігімізге сай келетін бағыттар бойынша жобалар мен жоспарлар әзірлеңіздер. Дамытатын салаларды қаржыландыру бойынша нақты ұсыныстар қажет. Импортты азайтып, отандық нарықты қамтып қана қоймай, кейбір салалар бойынша экспортты ұлғайтуға да мүмкіндік бар. Жұмысты жандандыру керек, – деді.
Облыс бойынша импортты алмастыратын 6 сала, 31 өнім бойынша талдау жүргізілген. Импортты алмастыру бағытында 65 инвестициялық жоба бар. Оның ішінде, 28-і биыл, 26-сы келер және 11-і арғы жылы жүзеге асырылады деп күтілуде. Жобалардың жалпы құны – 707 млрд. теңгені құрайды.
Ірі жобалардың қатарында өндіріс орындарына арналған алюминий профильдерін шығаратын зауыт, жиһаз шығаратын цехтар бар. Сондай-ақ, «Жасыл Суық Қазақстан» компаниясы өнеркәсіптік тоңазытқыш құрылғылармен импорт көлемін 48 пайызға төмендетеді. Қосымша сыртқы бейнебақылау камераларымен елімізді қамтамасыз етуге кіріспекші. Сонымен қатар, кептірілген көкөніс шығару, жеміс-жидекті терең өңдеу, ауыл шаруашылығы техникаларын құрастыру, жылу құбырларын жасау және өзге де салалар бойынша импортты төмендету бойынша жобалар іске асатын болады.
Өңірдің импортқа тәуелділігін төмендету мақсатымен агроөнеркәсіп кешенінде 10 бағыт айқындалған. Сүтті терең өңдеу, ет экспортын арттыру бойынша жаңа кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Сонымен бірге алдағы уақытта құс шаруашылығын дамыту, көкөніс сақтау қоймаларының сыйымдылығын арттыру, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу жоспарланған.