21 МӘСЕЛЕ ҚАРАЛДЫ

Түркістан облыстық мәслихатының кезекті сессиясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына байланысты 21 өзекті мәселе қаралып, нақты шешімдер қабылданды. Сессияда облыстық тексеру комиссиясының, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының, жұмылдыру дайындығы, аумақтық және азаматтық қорғаныс, сондай-ақ, ветеринария басқармасы басшыларының есебі тыңдалды.

Депутаттарға кең таралған пайдалы қазбаларды өндіруге берілген лицензиялар мен келісімшарттардың орындалу барысы баяндалды. Бұл салада кездесетін мәселелерге байланысты бірқатар сын-ескертпелер мен ұсыныстар айтылды.

Мәслихат депутаттары өз пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салып, шешім жобаларына нақты ұсыныстар енгізді. Талқылау барысында жергілікті өзін-өзі басқару, бюджеттік жоспарлау, әлеуметтік инфрақұрылым мен ауыл шаруашылығы салаларындағы түйткілдерді де електен өткізді.

Сессия соңында сөз алған облыс әкімі Нұралхан Көшеров қабылданған шешімдердің өңірдің өсіп-өркендеуіне тың серпін беретінін айтты. Депутаттардың аймақтың дамуына деген белсенді көзқарастарына пікір білдіріп, мәслихат жұмысына сәттілік тіледі.