ЖҮЗГЕ ЖУЫҚ ОТБАСЫ БАСПАНЫ ӘРІ ҰЛТТЫҚ АСПАПТЫ БОЛДЫ

Түркістан қаласындағы «Жібек жолы» тұрғын үй кешенінде кезекті үйдің құрылысы аяқталып, өз иесін тапты. Облыс әкімі 84 отбасыға баспана кілтін табыстады.
Нұралхан Көшеров
– Сіздерді келе жатқан Ұлттық домбыра және Астана күні мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Тәуелсіздіктің тағы бір жемісі – Түркістан қаласының облыс орталығы атануы. Облыс орталығы атанғанына 7 жыл енді толса да, Түркістан қаласы күллі түркі елдерінің рухани астанасына айналып, шаһарға арнайы заңмен ерекше мәртебе статусы берілді. Шаһардың күннен күнге ажарланып, дамуына өздеріңіз атсалысып, көркейіп келе жатқанына куә болып отырсыздар. Мереке қарсаңында мемлекеттің қамқорлығы сіздерді тағы бір қуанышқа бөлеп отыр. Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде баспанамен қамту жұмысы жүруде. Бүгін қаламыздың тұрғындарына баспаналы болып, жаңа пәтерге қоныстану бақыты бұйырды. Біз баспанамен қамту жұмысын облыстағы барлық аудан, қалада жалғастырамыз. Адам үшін ең керегі – баспана. Жаңа қоныстарыңыз құтты болсын! – деді.
Облыс әкімінің атынан жаңа қоныс иелеріне пәтер кілтімен бірге қасиетті қара домбыра тарту етілді. Пәтерлер «әлеуметтік осал топ» санаты бойынша тұрғын үй кезегінде тұрғандарға берілді. Оның ішінде, 48-і көпбалалы, 36-сы «әлсіз топ» санатындағы отбасылар. Жаңа қоныс иелері мемлекеттік қолдау үшін алғыстарын жаудырды.
Бүгінде Түркістанның тұрғын үй кезегінде 16 мыңнан астам азамат тұр. Былтыр 961 қамтамасыз етілсе, биыл 944 баспаналы болады деп жоспарланған.