ЖҰМЫСШЫЛАРҒА ЖАҢА ТЕХНИКА БЕРІЛДІ

Түркістанда «Жұмысшы мамандықтар жылына» орай және «Таза Қазақстан» бағдарламасын сапалы жүзеге асыру мақсатында шаһардағы коммуналдық сала өкілдеріне арнайы техникалар берілді. Жұмысшы мамандық иелері, еңбек адамдарын марапатталып, оларға құрмет көрсетілді.

Нұралхан Көшеров:

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бастама – еліміздің экономикалық дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған үлкен қадам. Биыл облыста «Өңірлік жұмыспен қамту картасына» сәйкес, 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орнындары ашылса, оның 60%-ға жуығы жұмысшы мамандықтарына арналған. Облысымыздағы 30 колледжде жұмысшы мамандықтар даярланады, онда 16 мыңнан астам жас білім алуда. Құрметті еңбек адамдары! Сіздердің еңбекке адалдықтарыңыз бен кәсіби шеберліктеріңіз – өскелең ұрпақ үшін үлкен үлгі. Мемлекет басшысының бастамасымен іске асып отырған «Таза Қазақстан» бағдарламасы арқылы тұрғындардың санасында экологиялық мәдениет қалыптасуда. Бүгін табысталған жаңа техника тазалық жұмыстарын жалғастырып, қаламыздың гүлденуіне өз септігін тигізетініне сенімім мол. Отбасыларыңызға бақ-береке бірлік, жұмыстарыңызға толағай табыс тілеймін! – деді.

 

Салтанатты іс-шарада облыс әкімі бір топ азаматқа Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің «Еңбек ардагері» төсбелгісін, «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығының құрметті қызметкері» төсбелгісін, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің «Құрмет» грамотасын табыстады. Ал, облыстық мәслихат төрағасы Нұралы Әбішов еңбегімен дараланған азаматтарға ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрінің Алғыс хатын тапсырды. Атап айтқанда, дәнекерлеуші, электрші, су маманы, жүргізушілер, коммуналдық саланың қарапайым қызметкерлері марапатталды.

Облыс орталығында «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС-нің 35 техникасы санитарлық тазалық жұмыстарын жүргізіп келеді. Биыл қаланың коммуналдық меншігіне 29 техника сатып алуға конкурс өткізіліп, әкелінді. Бүгін соның 21-і тапсырылды. Бұл техникалар қаланы абаттандыруға, тазалауға, «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы жұмыстарды жандандыруға серпін береді.