ГАЗ ҚОСЫЛДЫ

Ордабасы ауданында халықтың тұрмыс сапасын арттыруға бағытталған ауқымды жұмыстар жалғасуда. Бұл жолы Төрткөл ауыл округіне қарасты Арыстанды ауылының тұрғындары табиғи газдың игілігін көре бастады. Жаңа нысанның ашылу салтанатына қатысқан аудан әкімі Азат Оралбаев ауыл жұртшылығын құттықтап, бұл жобаның стратегиялық маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде газдандыру жұмыстары – мемлекеттің әлеуметтік қолдауының жарқын көрінісі екенін және инфрақұрылымды дамыту алдағы уақытта да басты назарда болатынын қадап айтты.

​Жиын барысында мәслихат төрағасы Б. Жұмабеков пен ардагерлер кеңесінің жетекшісі Б. Жәкей де лебіздерін білдіріп, ел бірлігі мен тынымсыз еңбектің арқасында осындай жетістіктерге қол жеткізіліп жатқанын тілге тиек етті.

​Арыстанды ауылындағы 102 отбасы енді көмір жағу тауқыметінен құтылып, жайлы тұрмысқа көшеді.

​Осы жобадан кейін Ордабасы ауданында газбен қамтылған елді мекендер саны 44-ке жетті.

​Қазіргі таңда ауданды газдандыру деңгейі 77,2 пайызды құрап отыр.

​Жақын күндері Ақсары ауылына газ тартылған соң, бұл көрсеткіш 79 пайызға дейін көтерілмек.

​Ақсақалдардың ақ батасымен ашылған бұл жоба ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жаңа деңгейге көтеріп, өңірдің дамуына соны серпін берді.