ТӘРТІП БҰЗЫЛМАСА ТӘРБИЕ СӨЗ БОЛМАЙДЫ
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, олардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіру және құқықбұзушылықтардың алдын алу жүйесін күшейту жөніндегі тапсырмалары аясында Түркістан қаласында маңызды көшпелі семинар ұйымдастырылды. Аталған іс-шара кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу, тәуекел факторларын дер кезінде анықтау және тиімді профилактикалық шараларды іске асыру мәселелеріне арналды.
Семинар Түркістан қаласындағы «Достық үйінде» өтіп, оған облыс әкімі аппаратының қоғамдық-саяси сала мониторингі бөлімі, облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасы, облыстық психологиялық қолдау орталығының мамандары, сондай-ақ аудан және қала әкімдері орынбасарлары қатысты. Жиынға қатысушылар өңірдегі өзекті мәселелерді талқылап, тәжірибе алмасуға мүмкіндік алды.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев өз сөзінде балалар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі екенін атап өтті. Сонымен қатар, жасөспірімдер арасында кездесетін келеңсіз жағдайларды болдырмау үшін жүйелі әрі кешенді жұмыстарды күшейту қажеттігіне тоқталды.
Іс-шараның басты мақсаты – кәмелетке толмағандар арасында туындауы мүмкін қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтау, олардың алдын алу бағытында жергілікті деңгейде үйлестірілген және нәтижелі жұмыс жүргізу тетіктерін қалыптастыру. Бұл ретте аудан және қала әкімдіктері, сондай-ақ жауапты мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды нығайту мәселесі ерекше назарға алынды.
Күн тәртібіне сәйкес жауапты сала өкілдері баяндамалар жасап, өңірдегі ахуалға талдау жүргізді. Олар балалар құқықтарын қорғау, құқықбұзушылықтардың алдын алу, әлеуметтік-психологиялық қолдау көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, бірқатар өзекті проблемаларды көтерді. Сонымен қатар, нақты шешу жолдары мен тиімді тетіктер ұсынылды.
Семинар барысында балаларға қауіпсіз орта қалыптастыру, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, отбасылық тәрбие институтын нығайту және профилактикалық жұмыстардың сапасын арттыру мәселелері кеңінен талқыланды. Қатысушылар өңірлердегі озық тәжірибелермен бөлісіп, тиімді әдістерді енгізу жолдарын қарастырды.
Жиын соңында облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев айтылған ұсыныстар мен пікірлердің барлығы хаттамаға енгізілетінін атап өтіп, жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар жүктеді. Ол бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасып, нақты нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін ерекше атап өтті.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында 0-18 жас аралығындағы балалар саны 926 813. Оның ішінде 554 597-сі мектеп жасындағы балалар болса, 46 794-і арнаулы орта білім беру ұйымдарында білім алуда. Өңірде жалпы 507 508 отбасы тіркелген. Бұл көрсеткіштер бала құқықтарын қорғау және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесінің маңыздылығын айқын көрсетеді.
