ТИІМДІ БИЗНЕС-ОРТА ҚАЛЫПТАСТЫРУҒА МҮМКІНДІК БЕРЕДІ

Түркістан облысында халықаралық экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және инвестициялық ахуалды жақсарту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Осы орайда облыс әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек Қытай Халық Республикасының іскерлік және сараптамалық қауымдастығының өкілдерімен мазмұнды кездесу өткізді. Қытай делегациясына Дүниежүзілік сауда ұйымын зерттеу қоғамы кеңесінің мүшесі, «Huahe International» халықаралық бизнес-консалтингтік компаниясының негізін қалаушы әрі президенті Лю Чуаньу жетекшілік етті. Басқосуға сондай-ақ облыстық басқармалар жетекшілері, өнеркәсіп, құрылыс, энергетика, логистика және сауда салаларында қызмет ететін ірі қытайлық компаниялардың өкілдері қатысты.

Кездесу барысында тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы стратегиялық әріптестіктің маңыздылығына ерекше тоқталып, екіжақты сауда-экономикалық байланыстарды одан әрі нығайту мәселелерін жан-жақты талқылады. Атап айтқанда, инвестициялық ынтымақтастықты кеңейту, жаңа бірлескен жобаларды іске асыру, өндірістік кооперацияны дамыту және өңіраралық байланыстарды күшейту бағыттары сөз болды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу, құрылыс индустриясын дамыту, тау-кен саласындағы әлеуетті тиімді пайдалану, сондай-ақ жаңа өндіріс орындарын ашу бойынша нақты ұсыныстар қарастырылды.

Облыс әкімінің орынбасары өңірдің инвестициялық тартымдылығына кеңінен тоқталып, бүгінгі таңда инвесторлар үшін жасалып отырған қолайлы жағдайларды атап өтті. Оның айтуынша, Түркістан облысында 21 индустриялық аймақ жұмыс істейді, сонымен қатар шағын өнеркәсіптік парктер желісі дамып келеді. Бұдан бөлек, арнайы экономикалық аймақ аясында кәсіпкерлерге салықтық және кедендік жеңілдіктер ұсынылып, инфрақұрылыммен қамтамасыз ету шаралары жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Бұл өз кезегінде шетелдік инвесторлар үшін тиімді бизнес-орта қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Өңірдің аграрлық әлеуеті де ерекше назарға алынды. Түркістан облысы ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемі бойынша республикада алдыңғы қатарда тұрған өңірлердің бірі болып саналады. Осыған байланысты қайта өңдеу саласын дамыту, экспортқа бағытталған өндірістерді жолға қою және қосылған құны жоғары өнім шығару бағытында бірлескен жобаларды іске асырудың маңызы зор екені атап өтілді.

– Түркістан облысы экономикалық мүмкіндіктері мол, қарқынды дамып келе жатқан стратегиялық маңызы бар өңір. Біз инвесторлармен өзара тиімді әріптестік орнатып, олардың бастамаларына жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Кез келген инвестициялық жоба ашық әрі тиімді жүзеге асырылуына барлық жағдай жасалады, – деді Қанат Қайыпбек.

Өз кезегінде Лю Чуаньу Түркістан облысының инвестициялық әлеуетіне жоғары баға беріп, өңірдің мүмкіндіктері қытайлық бизнес өкілдері үшін аса қызықты екенін жеткізді. Ол Қытай компанияларының Қазақстанмен, оның ішінде Түркістан облысымен экономикалық байланыстарды нығайтуға және ұзақ мерзімді әріптестік орнатуға мүдделі екенін атап өтті.

Айта кету керек, «Huahe International» компаниясы 2010 жылы құрылған және Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы инвестициялық ынтымақтастықты дамытуға маманданған. Компания инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, нарықтық зерттеулер жүргізу, сондай-ақ трансшекаралық әріптестікті ілгерілету бағытында белсенді қызмет атқарып келеді.

Жалпы, аталған кездесу Түркістан облысының халықаралық экономикалық байланыстарын кеңейтуге, жаңа инвестициялық жобаларды тартуға және өңірдің инвестициялық тартымдылығын арттыруға бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.