НОТАРИАТТЫҚ ҚЫЗМЕТКЕ БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

Мәжілістің Ерлан Қошанов төрағалық еткен жалпы отырысында нотариаттық қызмет, машина жасау, сайлау жүйесі, атқарушылық іс жүргізу және әскери қызмет мәселелеріне қатысты бірқатар заң жобалары қаралды. Депутаттар нотариаттық қызмет пен машина жасау саласына қатысты түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдап, Салық кодексіне енгізілетін өзгерістерді екі оқылымда қабылдады. Сонымен қатар сайлауды жетілдіру және атқарушылық іс жүргізу мәселелері жөніндегі заңдар екінші оқылымда қабылданып, әскери қызметшілердің құқықтық жағдайын жетілдіруге бағытталған заң мақұлданды.

Мәжіліс нотариаттық қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Түзетулер нотариат саласындағы мемлекеттік бақылауды күшейтуге және азаматтардың құқықтарын қорғау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.

Заң жобасына сәйкес, атқарушылық жазбаны енді тек борышкердің тіркелген жері бойынша рәсімдеу ұсынылады. Егер борышкердің мекенжайы сәйкес келмесе, жүйе автоматты түрде бұғатталады. Сонымен қатар нотариус атқарушылық жазбаның көшірмесін борышкерге «электрондық үкімет» порталы және SMS арқылы жіберуге міндеттеледі.

Құжатта нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өзге де мүдделі тұлғалармен байланысын шектеу көзделген. Атап айтқанда, жақын туыстық немесе тәуелділік болған жағдайда нотариаттық әрекеттер жасауға тыйым салынады.

Сондай-ақ, егер атқарушылық іс жүргізу қозғалып кеткен болса немесе қарсылық белгіленген мерзімнен кеш берілсе, нотариус атқарушылық жазбаның күшін жоюдан бас тарта алады. Бұдан бөлек, мемлекеттік және квазимемлекеттік секторға қатысты шарттар бойынша атқарушылық жазбаларды нотариустардың құзыретінен алып тастау ұсынылды.

Салық кодексіне енгізілген түзетулер жаңа Конституция мен «Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты туралы» Конституциялық заң нормаларын іске асыруға бағытталған. Құжатта құқықтық нормалардың мазмұнын өзгертпей, терминологияны біріздендіру және техникалық нақтылау көзделген. Атап айтқанда, «шетелдік» термині «шетелдік азамат» ұғымымен алмастырылып, «тенге» атауы «теңге» нұсқасына келтіріледі. Сондай-ақ заңнамадағы институционалдық атаулар жаңа конституциялық модельге сәйкестендіріліп, «Парламент» атауы «Құрылтай» атауымен ауыстырылады және «Қазақстан Халық Кеңесі» институты енгізіледі. Бұдан бөлек, азаматтардың Конституциялық Сотқа жүгінуі кезінде мемлекеттік баж салығын төлеу талабы алынып тасталады.

Нотариаттық қызмет мәселелері жөніндегі заң жобасы мемлекеттік бақылау тетіктерін күшейтуге бағытталған. Құжатта атқарушылық жазбаны тек борышкердің тіркелген жері бойынша рәсімдеу, ал өңір сәйкес келмеген жағдайда автоматты түрде бұғаттау тетігін енгізу ұсынылған. Сонымен бірге борышкерге атқарушылық жазбаның көшірмесін «электрондық үкімет» порталы мен SMS арқылы жіберу міндеттеледі. Заң жобасы нотариустардың жеке сот орындаушыларымен, микроқаржы ұйымдарымен және өзге де мүдделі тұлғалармен байланысын шектеуді де көздейді.

Машина жасау саласына қатысты түзетулер арнайы экономикалық аймақтардың тиімділігін арттыруға және өндірісті дамытуға бағытталған. Заң жобасында орта және жоғары деңгейде қайта өңделетін өнім өндірісін қолдау, АЭА қатысушыларының міндеттемелерін бақылауды күшейту және сұранысқа ие емес өнім өндірісіне жол бермеу қарастырылған. Сонымен қатар өнеркәсіптік кластерлер институтын енгізу ұсынылып отыр. Бұл машина жасау кәсіпорындарының кооперациясын күшейтіп, ел ішіндегі өндірістік құндылықты дамытуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ мемлекеттік және квазимемлекеттік жобаларда отандық құрылыс материалдары мен жабдықтарды қолдану талаптарына мониторинг жүргізетін комиссиялар құрылады.

Әскери қызмет туралы заң әскери қызметшілерді әлеуметтік қолдау шараларын күшейтуді көздейді. Атап айтқанда, казармалық жағдайда немесе карантиндік шараларға тартылған әскери қызметшілер мемлекет есебінен толыққанды тамақпен қамтамасыз етіледі. Төтенше жағдайлар мен терроризмге қарсы операцияларға қатысатын әскери қызметшілерге үш еселенген ақшалай төлем қарастырылған. Сонымен бірге 25 жылдан астам еңбек өтілі бар әскери қызметшілерге өз қалауы бойынша қызметтен босау мүмкіндігі беріледі. Құжатта Арнайы операциялар күштеріне арнаулы мақсаттағы бөлімше мәртебесін беру де қамтылған.

Сайлау жүйесін жетілдіру жөніндегі заңда мәслихат депутаттарын кері қайтарып алу тәртібі нақтыланып, Бас прокурорға Инвестициялық омбудсмен өкілеттігі беріледі. Заңнама жаңа конституциялық құрылымға сәйкестендіріліп, Құрылтай моделіне көшуге байланысты өзгерістер енгізіледі.

Атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша қабылданған түзетулер алимент төлемдерін аудару тәртібін нақтылап, интернет-платформалар операторларын борышкерлердің табысы туралы мәлімет беруге міндеттейді. Сонымен қатар міндетті аудио, фото және бейнетіркеу жүргізілетін атқарушылық әрекеттер тізімі кеңейтілді.

Жалпы отырыста Мәжіліс комитеттері 2025 жылғы республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді, рақымшылық туралы заң жобасын, ауыл шаруашылығы жерлерін пайдалану бақылауын күшейтуге арналған түзетулерді және Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы цифрлық экономика саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді де жұмысқа қабылдады.