«КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫ АЯСЫНДА МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ
Түркістанда Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту, зерделі қоғам қалыптастыру және шығармашыл, жаңашыл әрі бәсекеге қабілетті тұлға тәрбиелеу жөніндегі бастамасын қолдау мақсатында маңызды кездесу өтті.
Жиын барысында «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры мен Түркістан облысы әкімдігі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Іс-шараға Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев пен қор төрағасы Бақытжан Тұрлыбеков қатысты.
Кездесуде тараптар өңір аумағында «Кітап оқитын ұлт» жобасын бірлесіп іске асыру тетіктерін талқылап, бастамаға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Сондай-ақ жобаны үйлестіру үшін арнайы кеңсе ашу жоспарланып отыр. Басқосуда жобаны жүйелі жүзеге асыру, әдістемелік қолдау көрсету және аудандық, қалалық деңгейде орындалуын қамтамасыз ету мәселелері қаралды.
Облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы ұлттық рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бастамалардың маңызына тоқталып, бұл жоба өңірдің мәдени-рухани әлеуетін арттыруға серпін беретінін атап өтті.
Ертай Алтаев:
– Бүгін Түркістан облысының әкімдігі мен «Кітап оқитын ұлт – Читающая нация» қоғамдық қоры арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою үшін жиналып отырмыз. Бұл құжат өңірде кітап оқу мәдениетін дамытуға, жас ұрпақтың рухани әлеуетін күшейтуге және қоғамда білім мен парасат құндылықтарын орнықтыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 2023 жылы Түркістан қаласында өткен Ұлттық құрылтайда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру мәселесіне ерекше назар аударып, жастарды ерте жастан кітап оқуға баулудың маңызын атап өткен болатын. Президент: «Шын мәнінде, тек кітап оқитын ұлт қана шынайы зерделі ұлтқа айнала алады. Біз жас ұрпақтың кітап оқуға деген қызығушылығын оятуымыз керек», – деп атап көрсетті.
Осы бастама кейін мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының біріне айналып, оқу мәдениетін дамыту мен оқитын ұлт қалыптастыруға бағытталған нақты шаралар қабылданды. Бүгінгі меморандум – сол міндеттерді өңірлік деңгейде жүзеге асыруға арналған нақты қадамдардың бірі.
Түркістан – түркі дүниесінің рухани астанасы, халқымыздың бай тарихи-мәдени мұрасы мен ағартушылық дәстүрлерінің алтын бесігі. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан қасиетті өлкеде білім мен руханият қашанда жоғары құндылық ретінде бағаланған. Сондықтан өңірдің аталған жобаға қосылуы ерекше мәнге ие.
Алдағы кезеңде облыс тұрғындары «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафонына белсенді қатысып, отбасылық құндылықтарды, тәрбиені, жауапкершілік пен ұлттық рухани мұраны насихаттайтын шығармаларды бірге оқуға мүмкіндік алады. Бұл бастама балаларды, жастарды, ата-аналарды және аға буын өкілдерін ортақ құндылықтар төңірегінде біріктіретін маңызды алаңға айналады деп күтілуде.
Меморандум аясында білім және мәдениет мекемелерінің, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың күш-жігері біріктіріледі. Сонымен қатар цифрлық технологиялардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану арқылы өңір тұрғындарының кітаптарға қолжетімділігі артып, шалғай елді мекендердегі оқырмандар үшін де жаңа мүмкіндіктер қалыптасады.
Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік мекемелерді, білім беру және мәдениет ұйымдарын, қоғамдық бірлестіктер мен өзге де серіктестерді ортақ бастама төңірегіне топтастыру. Сонымен қатар жастар арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, кітаптың құндылығын кеңінен насихаттау және осы бағыттағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүйелі түрде жүргізу көзделген.
