АҚСАРЫ АУЫЛЫ ТАБИҒИ ГАЗҒА ҚОСЫЛДЫ

Ордабасы ауданында елді мекендерді инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осы жұмыстар аясында Төрткүл ауылдық округіне қарасты Ақсары ауылына табиғи газ жеткізіліп, жаңа газ жүйесінің пайдалануға берілуіне арналған салтанатты рәсім өтті.

Жоба облыстық бюджет қаражаты есебінен іске асырылды. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың қыркүйек айында басталып, 2026 жылдың маусым айында толық аяқталды. Нәтижесінде ұзындығы 9,7 шақырым болатын газ құбыры жүргізіліп, 50 тұрғын үй табиғи газ желісіне қосылды.

Салтанатты жиында аудан әкімі бұл жобаның ауыл тұрғындарының тұрмыс сапасын жақсартуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі екенін атап өтті.

Азат Оралбаев: 

Ақсары ауылына табиғи газдың берілуі – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған нақты жобалардың бірі. Алдағы уақытта да ауданымыздағы елді мекендерді инженерлік-коммуналдық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасады, – деді.

Шара барысында ауыл ақсақалы көгілдір отын алауын салтанатты түрде жағып, ақ батасын берді. Өз кезегінде ауыл тұрғындары көптен күткен жобаның жүзеге асуына атсалысқан азаматтарға алғыстарын жеткізді.

Айта кетейік, қазіргі таңда Ордабасы ауданындағы 57 елді мекеннің 45-і табиғи газбен қамтылған. Бұл ауданның газдандыру деңгейі 79 пайызға жеткенін көрсетеді. Алдағы уақытта да тұрғындарды табиғи газбен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жоспарлы түрде өз жалғасын табады.