ТЕМІРЖОЛ ВОКЗАЛЫ ТАМЫЗДА ТАПСЫРЫЛМАҚ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сарыағаш ауданына жұмыс сапары аясында қайта жаңғыртылып жатқан «Сарыағаш» теміржол вокзалының құрылыс алаңына барып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысымен танысты. Өңір басшысы нысанды аралау барысында құрылыс қарқыны мен орындалып жатқан жұмыстардың сапасына назар аударып, бірқатар сын-ескертпелер білдірді. Сондай-ақ мердігер ұйымға құрылысты жеделдетуді, сапаны тұрақты бақылауда ұстауды және нысанды белгіленген мерзімде пайдалануға беруді тапсырды.
Бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарының 50 пайызы орындалған. Жоба жүзеге асқаннан кейін вокзал ғимаратының жалпы аумағы 449,1 шаршы метрден 558,54 шаршы метрге дейін ұлғайып, жолаушылар үшін қолайлы әрі заманауи жағдай қалыптастырылады. Вокзал тәулігіне 145–155 жолаушыға қызмет көрсетіп, тәулігіне 5 жұп пойызды қабылдайтын болады.
Жоспарға сәйкес құрылыс жұмыстарын биылғы тамыз айының соңына дейін толық аяқтап, нысанды пайдалануға беру көзделген.
