«ЖІБЕК ЖОЛЫ» ЖАҢҒЫРТЫЛЫП ЖАТЫР
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Жандос Дүйсембиев Сарыағаш ауданына жұмыс сапары барысында қайта жаңғыртылып жатқан «Жібек жолы» кеден бекетінің құрылыс алаңында болды. Олар нысанда атқарылып жатқан жұмыстардың барысын қарап, құрылыс сапасы мен мерзімінің сақталуына қатысты жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді.
Жобаның тапсырыс берушісі – Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті. Бас мердігер – «Ontustik Constraction» ЖШС, ал мердігер ұйым – BI Group.
Жалпы құны 11,6 млрд теңгені құрайтын заманауи кеден бекеті пайдалануға берілгеннен кейін Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы жолаушылар және көлік қозғалысының қарқыны арта түседі. Алты жолақты өткізу бекеті тәулігіне 70 мың адамды, 2 мың автокөлікті және 200 автобусты қабылдап, өткізу мүмкіндігіне ие.
Қайта салынған кешеннің ғимараттары бұрынғы нысанмен салыстырғанда екі есеге жуық кеңейтілген. Бұл өз кезегінде шекаралық бақылау мен кедендік рәсімдерді жеделдетуге, сондай-ақ азаматтарды өткізу қабілетін едәуір арттыруға мүмкіндік береді.
Халықаралық талаптарға сәйкес бой көтеріп жатқан жаңа кеден бекеті келушілерге қолайлы әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталған. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі таңда инженерлік инфрақұрылым толық аяқталып, сыртқы әрлеу жұмыстары жүргізілуде. Нысанды биыл пайдалануға беру жоспарланып отыр.
