«АШЫҚ ӘКІМДІКТЕ» ТҰРҒЫНДАРДЫҢ ЖЕКЕ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ертай Алтаев «Ашық әкімдік» кеңсесінде бекітілген кестеге сәйкес азаматтарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын мұқият тыңдады.
Қабылдауға аудан-қалалардан келген тұрғындар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, тарихи-мәдени мұра нысандарының орналасқан жерлерін нақтылау, туристік аймақтардың әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымын жетілдіру бағытындағы ұсыныстар айтылды. Сонымен қатар азаматтардың еңбек құқықтарына қатысты туындаған заңбұзушылықтарды шешу жолдары талқыланып, тиісті құқықтық тетіктер қарастырылды.
Облыс әкімінің орынбасары көтерілген мәселелердің әрқайсысына мұқият назар аударып, оларды заң талаптарына сәйкес зерделеу жөнінде жауапты басқармалар мен сала мамандарына нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ тұрғындар тарапынан көтерілген әрбір өтініш пен ұсыныстың орындалу барысы өзінің тұрақты бақылауында болатынын атап өтті.
Қазіргі таңда қабылдау барысында көтерілген барлық мәселелер жан-жақты сараланып, заңнама талаптарына сәйкес тиісті анықтау және зерделеу жұмыстары жалғасуда.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында азаматтардың өтініштері мен ұсыныстарын дер кезінде қарау мемлекеттік басқарудың басты қағидаттарының біріне айналды. Осы бағыттағы қабылдаулар тұрғындар мен мемлекеттік органдар арасындағы ашық диалогты нығайтып, қоғамдағы өзекті мәселелерді тиімді әрі заң аясында шешуге мүмкіндік береді.
Мұндай ашық форматтағы кездесулер халықтың мемлекеттік институттарға деген сенімін арттырып қана қоймай, өңірдің тұрақты дамуына да оң ықпал етеді. Әрбір тұрғынның пікірі мен ұсынысына мән беру – елдегі әділетті, ашық және халық мүддесіне қызмет ететін мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастырудың маңызды тетігі. Сондықтан «Ашық әкімдік» алаңы тұрғындардың үнін билікке жеткізетін тиімді қоғамдық байланыс алаңы ретінде өз маңызын айқындай түсуде.
