ҚҰРЫЛЫС ИНДУСТРИЯСЫН ДАМЫТУҒА БАҒЫТТАЛҒАН ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Қытайдың «Jiangxi Zhixin Real Estate Development Co., Ltd» компаниясының бас директоры Мао Тиньмен және «Хуатун» халықаралық инвестициялық-өнеркәсіптік тобының халықаралық бизнес пен шетелдік өнеркәсіптік инвестициялар жөніндегі басшысы Пэн Бохэнмен кездесу өткізді.
Кездесу барысында өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, арнайы экономикалық және индустриялық аймақтардың мүмкіндіктері, тиімді логистикалық орналасуы және инвесторларға ұсынылатын мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңінен мәлімет берді.
Нұралхан Көшеров:
– Түркістан облысында өндірісті дамытуға ерекше көңіл бөлінуде. Біз шикізат экспортынан гөрі оны терең өңдеуге, қосылған құны жоғары өнім өндіретін жобаларды жүзеге асыруға басымдық береміз. Сондықтан құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған бастамалар біз үшін маңызды. Инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Жобаларыңызды жүзеге асыратын дайын өндірістік парк пен ғимараттарымыз бар. Инфрақұрылым тартылған. Біз терең өңдеу, дайын өнім шығаруға, жұмыс орындарын ашуға басымдық береміз, – деді.
Келіссөз барысында Түркістан облысында инвестициялық жобаларды іске асыру перспективалары қарастырылды. Қытайлық инвесторлар өңірде құрылыс индустриясының хабын қалыптастыруға қызығушылық білдіріп, құрылыс материалдары мен сантехникалық бұйымдар өндіретін заманауи кәсіпорындар ашу жөніндегі жоспарларын таныстырды. Бұл жобалар өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін күшейтіп, импортты алмастыруға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.
Кездесу нәтижесінде тараптар ұсынылған бастамаларды жан-жақты зерделеуді жалғастырып, өзара тиімді әріптестікті дамыту және инвестициялық жобаларды іске асыру бағытындағы келіссөздерді одан әрі жалғастыруға келісті.
