ТҮРКІСТАН МЕН АРИЗОНА АРАСЫНДАҒЫ ӘРІПТЕСТІК ЖАҢА ДЕҢГЕЙГЕ КӨТЕРІЛЕДІ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Америка Құрама Штаттарының Аризона штатындағы Қазақстан Республикасының Құрметті консулы Хью Холлман бастаған делегациямен кездесті. Басқосуда білім беру, туризм және инвестиция салаларындағы өзара ықпалдастықты дамыту мәселелері жан-жақты қаралды.

Өңір басшысы Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы достық байланыс жыл өткен сайын нығайып келе жатқанын атап өтті. Оның айтуынша, өңіраралық серіктестікті кеңейту екі ел арасындағы өзара сенімді күшейтіп, жаңа мүмкіндіктердің қалыптасуына негіз болады. Сондай-ақ ол Түркістан облысының халықаралық серіктестермен білім, ғылым, туризм және инвестиция бағыттарында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға әрдайым дайын екенін жеткізді. Облыста АҚШ-тың қатысуымен білім беру ұйымын ашу немесе мамандарды бірлесіп даярлау, осы саладағы ынтымақтастықты тереңдету, әсіресе ауыл шаруашылығын цифрландыру мен өнімді терең өңдеу бағытындағы білікті кадрларды даярлау маңызды екеніне тоқталды.

Хью Холлман Түркістан облысының қарқынды дамуына жоғары бағасын беріп, Аризона университетімен және іскерлік қауымдастық өкілдері арасындағы байланысты одан әрі дамытуға мүдделі екенін білдірді.

Кездесуге Аризона университетінің Табиғи ресурстар және қоршаған орта мектебінің практика доценті Ола Лундемо, Аризона университетінің Жоғары білімді зерттеу орталығының профессоры, интернационалдандыру жөніндегі деканы Дженни Джийон Ли, Аризона университетінің білім беру серіктестіктері жөніндегі аға директоры Рики Салазар, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы АҚШ-тың Аризона штатының Құрметті консулы Айсұлу Абдыбаева қатысты.

Тараптар жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту, академиялық алмасу бағдарламаларын жүзеге асыру және туризм саласындағы өзара байланысты дамыту мәселелері жөнінде пікір алмасты. Кездесу қорытындысында өзара тиімді серіктестікті жалғастырып, білім беру, ғылым және туризм бағыттарындағы нақты жобаларды бірлесіп зерделеу әрі әріптестікті одан әрі нығайту жөнінде уағдаласты.