«АУЫЛ АМАНАТЫ» НӘТИЖЕСІ: 3 ЖЫЛДА 4 635 ЖАҢА ЖҰМЫС ОРНЫ АШЫЛДЫ
Түркістан облысында Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес халықтың әл-ауқатын жақсарту, ауыл тұрғындарының табысын арттыру және кәсіпкерлікті дамыту мақсатындағы «Ауыл аманаты» бағдарламасы жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Бағдарламаның орындалу барысы мен алдағы міндеттер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде жан-жақты қаралды.
2023–2025 жылдары «Ауыл аманаты» жобасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 30,2 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2023 жылы – 19,8 млрд теңге, 2024 жылы – 3 млрд теңге, ал 2025 жылы 7,4 млрд теңге толық игеріліп, 6 бағыт бойынша 4 223 жоба жеңілдетілген несиемен қамтылды. Атап айтқанда, өсімдік шаруашылығы бойынша – 597 жоба, мал шаруашылығы саласында – 3155 жоба, құс шаруашылығы бағытында – 22 жоба, балық шаруашылығы бойынша – 53 жоба жүзеге асырылды. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы кооперативтерін қажетті техника және құрал-жабдықтармен қамтамасыз етуге бағытталған 150 жоба мен тұрғындардың жеке кәсібін бастауға арналған 279 жоба қаржыландырылды.
Жиында өңір басшысы бағдарламаны іске асыру барысында нақты экономикалық тиімділікке басымдық беру қажеттігін атап өтіп, жауапты сала басшыларына бірқатар міндет жүктеді.
Нұралхан Көшеров:
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы бойынша жұмыс орындарын көбейтетін, экономиканы дамытуға нақты серпін беретін жобаларды іріктеп, соларды қолдауды жалғастыру керек. Екіншіден, ауыл шаруашылығы ғана емес, кәсіпкерлік, өндірісті дамытатын жобаларды енгізіп, қолдау көрсетіңіздер, – деді.
Мәжілісте облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әлібек Плалов бағдарлама аясында қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы жоспарлар туралы баяндама жасады. Оның айтуынша, облыс көлемінде 593 жылыжай кешені салынды. Шағын кәсіпкерлік субъектілерінің саны 4 223 бірлікке жетіп, 4 635 жаңа жұмыс орны құрылды. Сонымен қатар 79 қайта өңдеу кәсіпорны іске қосылып, мал басы 76 887-ге көбейді. Нәтижесінде атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 441 адамға азайды.
Биыл «Ауыл аманаты» жобасын іске асыруға республикалық бюджеттен 15,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаржы есебінен 1115 жобаны қаржыландыру және 1 400 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Қазіргі таңда несие келісімдері негізінде 7 млрд теңге бөлінді. Оның ішінде 2,5 млрд теңге басым бағыттар бойынша қаржыландырылады. Сондай-ақ 73 ауылдық округ пен 78 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативін құру көзделген.
Өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында бірқатар аудандарда жаңа өндірістік жобалар қолға алынуда. Атап айтқанда, Шардара ауданында жылына 1,5 мың тонна балық жемін өндіретін кооператив құру жоспарланған. Сауран ауданында жылдық қуаттылығы 2 мың тонна болатын макарон өнімдерін шығаратын кәсіпорын ашу көзделген. Сонымен қатар Төлеби ауданында жылына 360 тонна шұжық өнімдерін өндіретін қайта өңдеу кәсіпорынын іске қосу жоспарланса, Келес ауданында тәулігіне 1,5 мың дана шұлық шығаратын өндірістік цех ашу жоспарланып отыр.
