АЙМАҚТАРДАҒЫ «ТАЗА ҚАЗАҚСТАН» БАЯНДАЛДЫ
Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы «жасыл экономикаға» көшу жөніндегі кеңестің кезекті отырысын өткізді. Жиында Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасының жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Премьер-министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясында қоршаған ортаны қорғау мен табиғи ресурстарға ұқыпты қарау әрбір азаматтың негізгі міндеттерінің бірі ретінде бекітілген. Экологиялық мәдениетті қалыптастыру мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының біріне айналған. Осыған байланысты Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» бастамасы Конституцияда айқындалған қағидаттарды дәйекті түрде іске асырудың нақты көрінісі болып отыр.
«Бұл бағыттағы жұмыстар аясында экологиялық мәселелерді шешуге қоғамның барлық өкілдері, еріктілер қозғалысы мен бизнес қауымдастығы кеңінен тартылуда. Біздің мақсатымыз – табиғатқа жанашырлық таныту мен тазалықты сақтау әрбір қазақстандықтың күнделікті өмір салтына және ішкі мәдениетіне айналуы», – деді Олжас Бектенов.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың басынан бері «Таза Қазақстан» бастамасы шеңберінде республика бойынша 1 млн-нан астам ағаш отырғызылып, 4 млн-нан астам адамның, оның ішінде 510 мың еріктінің қатысуымен 200-ден астам экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Нәтижесінде 76 мың гектардан астам аумақ тазартылып, 413 мың тонна қалдық жиналып шығарылды. Оның 115,7 мың тоннасы қайта өңдеуге жолданды.
Жалпы, бастама қолға алынған үш жыл ішінде елді мекендерде 5,6 млн-нан астам ағаш отырғызылып, мемлекеттік орман қоры аумағында 1 млрд-тан астам көшет пен жас шыбық егілді. Кеңес барысында бірқатар өңір әкімдері атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді.
Ұлытау облысының әкімі Дастан Рыспековтің мәліметінше, жыл басынан бері өңірде 900 гектардан астам аумақ тазартылып, 3,5 мың тонна қатты тұрмыстық қалдық шығарылды. Биыл 30 мың ағаш отырғызу жоспарланған болса, көктемгі маусымда 19 мың көшет пен бұта егілді. Сонымен қатар 2027 жылға дейін қағаз және резеңке қалдықтарын қайта өңдейтін цехты іске қосу жоспарланып отыр.
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров өңірде 332 мыңнан астам ағаш отырғызылғанын хабарлады. Үш мыңнан астам экологиялық акция мен сенбілікке 355 мыңнан астам тұрғын қатысып, 1,2 мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды. Соның нәтижесінде 380 тонна қоқыс шығарылды. Сонымен қатар «Түркістан» экобағы пайдалануға беріліп, қуаттау стансаларымен жабдықталған 33 электр автобус іске қосылды.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірде 22 мың тоннадан астам қалдық шығарылғанын айтты. Облыста Өскемен қаласындағы «Таза Қазақстан», «Қайыңды тоғай», «Жасыл аймақ» және «Таулы Үлбі» экопарктерін құру жұмыстары жүргізілуде. Жалпы экологиялық акцияларға 330 мыңнан астам тұрғын мен 19 мың ерікті қатысты.
Премьер-министр «Таза Қазақстан» бастамасы бүгінде бір реттік экологиялық акциялар аясынан шығып, экологиялық мәдениетті қалыптастыруға, азаматтардың қоршаған орта алдындағы жауапкершілігін күшейтуге және халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жүйелі мемлекеттік саясатқа айналғанын атап өтті.
Оның айтуынша, бастаманың тиімділігі өткізілген іс-шаралардың санымен емес, елді мекендердің нақты жағдайының жақсаруы, тұрғындардың экологиялық мәдениетінің артуы және қол жеткізілген нәтижелердің тұрақтылығы арқылы бағалануға тиіс. Бұл мақсатқа жету үшін орталық және жергілікті атқарушы органдар абаттандыру жұмыстарын жүйелі жүргізіп, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ қалдықтарды қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстарды күшейтуі қажет.
Осыған байланысты Үкімет басшысы барлық мемлекеттік органдарға тұжырымдамада көзделген іс-шаралардың сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын, сондай-ақ жоспарланған нысаналы көрсеткіштердің толық орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды. Сонымен қатар жастардың, волонтерлік ұйымдардың, қоғамдық бірлестіктердің және бизнес өкілдерінің «Таза Қазақстан» бастамасына қатысу аясын кеңейтуді міндеттеді.
Кеңес барысында қалдықтарды басқару саласындағы қазіргі ахуал мен қабылданып жатқан шаралар да қаралды. Атап айтқанда, қайта өңдеу инфрақұрылымын дамыту, қалдықтарды энергетикалық тұрғыдан кәдеге жарату, тұрмыстық қатты қалдықтар полигондарын жаңғырту, сондай-ақ энергия үнемдеу және экономиканың энергия тиімділігін арттыру мәселелері талқыланды.
Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаевтың айтуынша, 2025 жылдың қорытындысында коммуналдық қалдықтарды сұрыптау және қайта өңдеу деңгейі 30,7%-ды құрады. 2030 жылға қарай бұл көрсеткішті коммуналдық қалдықтар бойынша 40%-ға, өнеркәсіптік қалдықтар бойынша 50%-ға жеткізу жоспарланған.
Министрдің мәліметінше, өткен жылы анықталған 3 828 рұқсат етілмеген қоқыс үйіндісінің 3 629-ы немесе 95%-ы жойылды. Ал биылғы жылдың алғашқы жартыжылдығында олардың саны 1 983-тен 585-ке дейін азайды.
Кәдеге жарату төлемі есебінен жеңілдетілген қаржыландыру аясында жалпы құны 374 млрд теңгені құрайтын 68 жоба мақұлданып, оның 12-сі пайдалануға берілді. Сонымен қатар 2 755 тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Ауылдық жерлерде жер учаскелерін бөлуге қатысты жекелеген рұқсат рәсімдері мен экологиялық талаптар жеңілдетіліп, жаңа полигондардың құрылысы кәдеге жарату төлемінен түсетін қаражат есебінен қаржыландырылатын болады.
Сондай-ақ «Экоқолдау» бағдарламасына 94 компания қосылып, оның аясында 115 мың тоннадан астам қағаз, шыны, пластик пен пайдаланылған шиналар қайта өңделді. Бағдарлама бойынша төленген қаражат көлемі 3 млрд теңгені құрады. Қазіргі уақытта тұрғын үй секторында қалдықтарды бөлек жинау жүйесін кеңейту мақсатында қоқыс шығаратын кәсіпорындарды, мүлік иелері бірлестіктері мен пәтер иелері кооперативтерін тарту мәселесі пысықталуда.
