МЕРЕЙТОЙЛЫҚ МЕДАЛЬМЕН МАРАПАТТАЛДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Мемлекет басшысының атынан қазақстандық парламентаризмнің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосқан азаматтарға «Қазақстан Республикасы Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалін табыстады.
Марапат иелерінің қатарында әр жылдары Қазақстан Республикасы Парламентінде депутаттық қызмет атқарған азаматтар, облыстық мәслихат депутаттары, сондай-ақ мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп, еліміздің заңнамалық және мемлекеттік институттарының орнығуы мен дамуына айрықша үлес қосқан тұлғалар бар.
«Қазақстан Республикасы Парламентіне 30 жыл» мерейтойлық медалі Қазақстан Республикасы Парламентінің 30 жылдығына орай тағайындалған. Бұл марапат – еліміздің заңнамалық жүйесін қалыптастыруға, мемлекеттік институттарды нығайтуға және қазақстандық парламентаризмнің өркендеуіне елеулі үлес қосқан азаматтардың еңбегіне көрсетілген лайықты құрмет.
Марапаттау рәсімінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров заң үстемдігінің маңызына тоқталып, медаль иелерін айтулы марапаттарымен құттықтады.
Нұралхан Көшеров:
– Заң – мемлекеттің берік тірегі. Ал әділетті заң – қоғам тұрақтылығы мен азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың басты кепілі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев еліміздегі саяси жаңғыру мен құқықтық реформалардың өзегіне заң үстемдігі, әділет қағидаты және азаматтардың мүддесін қорғау ұстанымдарын қойып келеді. Бұл – Әділетті Қазақстанды қалыптастыру жолындағы маңызды бағыт. Осы жылдар ішінде Қазақстан Парламенті еліміздің құқықтық негізін қалыптастыруға, мемлекеттік институттарды нығайтуға және елдің тұрақты дамуына елеулі үлес қосты. Бүгінгі марапат – осы еңбектің лайықты бағасы. Сіздердің кәсіби тәжірибелеріңіз бен елге қызмет ету жолындағы еңбектеріңіз кейінгі буынға үлгі. Мемлекетіміздің мерейі үстем, Тәуелсіздігіміз тұғырлы, еліміздің болашағы жарқын болсын! Баршаңызды мерейтойлық медальдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! – деді.
Қазақстан Республикасы Парламентінің отыз жылдық қызметі кезеңінде еліміздің құқықтық негізін қалыптастыруға бағытталған 3,5 мыңға жуық заң қабылданды. Олардың қатарында экономикалық және қаржылық саясат, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру, мемлекеттік басқару, цифрландыру және басқа да маңызды салаларды реттейтін заңдар бар.
Сонымен қатар Қазақстанның халықаралық ынтымақтастығын құқықтық тұрғыдан қамтамасыз ету мақсатында 1 400-ден астам халықаралық шарт ратификацияланды. Бұл көрсеткіштер еліміздің заңнамалық базасын жетілдіруде және мемлекеттік басқару жүйесін дамытуда Қазақстан Парламентінің атқарған ауқымды жұмысының маңызды нәтижелерінің бірі болып табылады.
