ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУ ҚАРАЛДЫ
Түркістан облысында инвесторлар үшін қолайлы инвестициялық ахуал қалыптасып, олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға басымдық берілуде. Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, туындаған мәселелерді жедел шешу және әкімшілік кедергілерді барынша азайту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл өз кезегінде өңірдегі инвестициялық белсенділіктің артуына ықпал етіп, жаңа жобаларды жүзеге асыруға жол ашуда.
Осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижелерін талқылау мақсатында Түркістан қаласындағы «Достық үйі» ғимаратында өңір инвесторларымен кездесу ұйымдастырылды. Жиынға ҚР Бас Прокурорының бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, облыс прокуроры Бауыржан Мырзакеров, мемлекеттік органдардың басшылары, кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысты. Кездесудің күн тәртібінде инвесторлардың құқықтарын қорғауда прокуратура мен мемлекеттік органдардың атқаратын рөлі талқыланып, инвестициялық ахуалды одан әрі жақсарту мәселелері қаралды.
Жиында алғысөз сөйлеген Бас Прокурордың бірінші орынбасары Жандос Өмірәлиев Мемлекет басшысының тарихи шешімі еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартуға оң ықпал еткенін ерекше атап өтті. Сонымен қатар инвестициялық жобаларды сүйемелдеу, прокурорлық сүзгі жүргізу, жүйелі проблемаларды шешу және дауларды сотқа дейін реттеу тетіктері инвесторлардың құқықтарын қорғаудың негізгі бағыттарының бірі екенін айтты.
Басқосу барысында облыс басшысы өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.
Нұралхан Көшеров:
– Мемлекет басшымыз отандық және шетелдік инвесторларға қолайлы жағдай жасау сондай-ақ, оларды қорғау мемлекеттің басты басымдықтарының бірі екенін ерекше атап өтті. Осыған орай, өңірімізде бұл бағытта жүйелі жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда облыстың инвестициялық портфелінде өнеркәсіп, агроөнеркәсіптік кешен, құрылыс, энергетика, туризм және басқа да салаларында ірі жобалар бар. Біз үшін инвестиция көлемі ғана емес, әрбір инвестордың өңірде өзін сенімді сезінуі аса маңызды. Сондықтан мемлекеттік органдар тарапынан негізсіз әкімшілік кедергілерге жол бермеу, кәсіпкерлер мен инвесторлардың заңды құқықтары мен мүдделерін қорғау мәселесіне ерекше көңіл бөліп жатырмыз. Прокуратура тарапынан инвесторлардың құқықтарын қорғау, заңсыз тексерулердің, негізсіз талаптар мен әкімшілік тосқауылдардың алдын алу бағытындағы жұмысы өңірдегі инвестициялық ахуалды жақсартуға ықпал етуде. Біз өзекті мәселелерді дер кезінде анықтап, тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп шешуге күш салып келеміз. Жүйелі түрде жүзеге асырылған шаралардың нәтижесінде өңіріміз 7 айдың қорытындысымен экономикалық өсу қарқыны бойынша республикада алдыңғы орында. Бұл бірлесіп атқарған ортақ жұмыстың жемісі деп есептейміз. Біздің ортақ мақсатымыз – заң үстемдігін қамтамасыз ете отырып, инвесторларға ашық және сапалы қызмет көрсету, – деді.
Жиын барысында Түркістан облысы әкімінің орынбасары Қанат Қайыпбек өңірге инвестиция тарту бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен қол жеткізілген нәтижелер туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл облысқа 1,8 трлн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. 7 айдың қорытындысы бойынша облыс капиталына 1 трлн теңгеден астам инвестиция бағытталып, өсім 137,5%-ды құрады. Осы жылғы I тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 115 млн АҚШ долларына жетті.
Сонымен қатар облыс экономикасының дамуына жаңа серпін беретін 122 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасты. Нәтижесінде 2,8 трлн теңге инвестиция тартып, 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Оның ішінде биыл 370 млрд теңгеге 67 инвестициялық жобаны іске асырып, 5 894 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. 7 айдың қорытындысы бойынша жалпы құны 36 млрд теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске қосылып, 631 жұмыс орны ашылды.
Кездесу барысында инвесторлар өздерін толғандырған мәселелер мен ұсыныстарын ортаға салып, жауапты мемлекеттік органдардың өкілдеріне бірқатар сауалдарын жолдады. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыру кезінде көрсетіліп жатқан қолдау мен туындаған мәселелерді шешуге бағытталған жұмыстар үшін алғыстарын білдірді.
Бұдан кейін Бас Прокурордың бірінші орынбасары «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасқан кәсіпорындардың жұмысымен танысып, инвесторлармен кездесті.
Түркістан облысының прокуратурасы ұлттық және өңірлік пулға енгізілген жалпы құны 3,2 трлн теңгені құрайтын 219 инвестициялық жобаны сүйемелдеуде. Осы жылы жалпы құны 920 млрд теңгені құрайтын 27 инвестордың құқықтары қорғалып, 30 инвестициялық кейс оң шешімін тапты.
