ОБЛЫС ӘКІМІ ӘРБІР МӘСЕЛЕНІ МҰҚИЯТ ТЫҢДАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің аудан және қала тұрғындарымен кездесулері, сондай-ақ жеке қабылдаулары жалғасуда. Бұл жолы өңір басшысы Сайрам ауданының тұрғындарымен жүздесіп, олардың өтініштері мен мәселелерін, ұсыныстары мен талап-тілектерін тыңдады. Кездесу барысында облыс әкімі өңір мен ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, алдағы кезеңге арналған жоспарлар мен міндеттерді атап өтті.

Нұралхан Көшеров:

Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдеріне барлық аудандардың тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді ашық диалог алаңында шешу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бүгін тарихы терең, табиғаты көркем Сайрам өңірінің тұрғындарымен жүздесіп отырғаныма қуаныштымын. Сайрам ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2026 жылдың 6 айында 203,8 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 125,6 пайызға өсті. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 49,6 млрд. теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 151,5 пайызға артты. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі 37,7 млрд. теңгені құрап, 155,4 пайызға өсті. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 2026 жылдың 6 айында 222,6 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 5,3 есеге артты. Сауда көлемі 70,7 млрд. теңгені құраса, өсім 110,1 пайызға жетті. Құрылыс көлемі 2026 жылдың 6 айында 17,5 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 128 пайызға артты. Ал пайдалануға берілген тұрғын үй 59,2 мың шаршы метрді құрап, өсім 109 пайызды көрсетті. Ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 2026 жылдың 6 айында 66,0 млрд. теңгені құрап, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 111,7 пайызға артты.

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Жаңа Конституциямыз заңды күшіне еніп, елімізде 23 тамыз күні Құрылтай сайлауы өтетін болады. Құрылтай сайлауы – еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызды оқиға, елдің тұрақты дамуы мен болашағына бағытталған жауапты қадам. Түркістан облысы елімізде өткізілетін барлық сайлау науқандарында өзінің жоғары азаматтық белсенділігімен ерекшеленіп, сайлау үдерісіне әрдайым жоғары деңгейде атсалысып келеді. Бұл – өңір тұрғындарының ел тағдырына бейжай қарамайтын, азаматтық жауапкершілігі мен қоғамдық белсенділігінің жоғары екенін көрсетеді. Осыған орай, баршаңызды сайлауға белсенді қатысып, азаматтық ұстанымдарыңызды танытуға шақырамын, – деді.

Ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында өткен жылы Ақсу елді мекенінде 600 орындық мектеп пайдалануға берілді. Сонымен қатар №89 Қайнарбұлақ, №3 Хамза және «Айша-Бибі» мектептерінде реновация жұмыстары жүргізіліп, білім беру нысандары жаңғыртылды. Биыл Жібек жолы ауылындағы «Бөкейхан» орта мектебіне арналған 300 орындық қосымша оқу корпусының құрылысы жүргізілуде. Нысанды қыркүйек айында пайдалануға беру жоспарланған.

Денсаулық сақтау саласында Қарабұлақтағы аудандық аурухана мен Ақсудағы аудандық орталық аурухананың ғимараттарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда Қожақорған, Нұржанқорған және Қарабұлақ ауылдарындағы ауыз су жүйелерінің құрылыстары атқарылып жатыр. Бұдан бөлек, биыл 7 елді мекеннің ауыз су жүйелері ағымдағы жөндеуден өтеді. Сондай-ақ 8 елді мекенде электр жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, нысандар пайдалануға берілді.

Өткен жылы Көлкент ауылын газдандыру жұмыстары толық аяқталды. Биыл Құтарыс және Қызылжар елді мекендері табиғи газға қосылып, соның нәтижесінде Сайрам ауданы 100 пайыз табиғи газбен қамтылды. Облыстық бюджет қаражаты есебінен аудандық маңызы бар 4 автомобиль жолына (33,6 шқ) орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар Ақсу өзені арқылы өтетін Жансая көпірі салынып, ел игілігіне пайдалануға берілді.

Өткен жылы өңір басшысының сайрамдықтармен кездесуінде көтерілген өзекті мәселелер бақылауға алынып, оларды шешуге бағытталған іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Жалпы тұрғындар тарапынан 23 мәселе көтеріліп, оның 16-сы толық орындалды. Ал қалған 3 мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.

Кездесуден кейін өңір басшысы тұрғындарды жеке қабылдап, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Жеке қабылдау барысында заңсыз жайылым жерлер, ішкі жолдарға асфальт төсеу, интернет сапасы, ауыз су, білім беру және денсаулық сақтау салаларына қатысты мәселелер көтерілді. Тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті ой-пікірлері ортаға салынып, облыс әкімі тарапынан тиісті жауаптар берілді.

Нұралхан Көшеров әрбір өтініштің назарға алынатынын айтып, жауапты басқармалар мен тиісті мамандарға көтерілген мәселелерді жан-жақты зерделеп, оларды шешу бойынша нақты жұмыстар жүргізуді тапсырды.