СОЗАҚТА ХАЛЫҚПЕН АШЫҚ ДИАЛОГ ӨТТІ
Созақта ашық диалог форматында облыс әкімінің халықпен кнздесуі өтті. Онда ауданның даму әлеуетін арттыру, инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын құру және халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мәселелері кеңінен талқыланды. Түркістан облысында жүзеге асырылып жатқан жұмыстарға тоқталып, Созақ ауданының экономикалық мүмкіндіктерін барынша тиімді пайдалану қажеттігін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес, облыс әкімдеріне барлық аудандардың тұрғындарымен кездесіп, мәселелерді ашық диалог алаңында шешу тапсырылған болатын. Осыған сәйкес, бүгін қазыналы қарт Қаратаудың етегінде орналасқан, жер асты пайдалы қазбаларға бай, уран өндірісі бойынша көш бастап тұрған Созақ өңірінің тұрғындарымен жүздесіп отырмыз. Созақ ауданының негізгі әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерінде оң өсім байқалады. 2026 жылдың 7 айында жалпы өңірлік өнім көлемі 705,3 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,7 пайызға артты. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 662,5 млрд теңгеге жетіп, 18,1 пайызға өсті. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнімі 241,2 млрд теңгені құрап, 13,7 пайызға артты. Негізгі капиталға бағытталған инвестиция көлемі 193,1 млрд теңгеге жетіп, өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда 41 пайызға өсті. Бұл – ауданның экономикалық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді. Алайда қазба байлықтары бойынша ең бай, экономикалық мүмкіндігі мол ауданның даму көрсеткіштері бұдан да жақсы болуға тиіс. Сондықтан алдағы уақытта инвестиция тарту, жаңа жобаларды іске асыру, жұмыс орындарын көбейту және тұрғындардың әл-ауқатын арттыру бағытындағы жұмыстарды күшейту қажет, – деді.
Облыс басшысы Созақ ауданында жүзеге асырылған инфрақұрылымдық жобаларға да тоқталды. 2025 жылы барлық ауылдық округтер мен кенттерді жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Созақ, Қаратау және Шақырық елді мекендеріндегі ауызсу жүйелерін қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, нысандар пайдалануға берілді. Сонымен қатар аудан орталығындағы Жібек жолы және С.Қожанов көшелерін абаттандыруға қаржы қарастырылды.
Биыл қаңтар айында Шолаққорған ауылындағы орталық кітапхана ғимараты ел игілігіне берілді. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында құны 1,9 млрд теңгені құрайтын заманауи спорттық-сауықтыру кешені пайдалануға тапсырылды.
Жиын барысында облыс әкімі Мемлекет басшысының бастамасымен іске асырылып жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасының маңыздылығына ерекше назар аударды.
Тұрғындар мен кәсіпкерлік нысандардың айналасын көркейтіп, абаттандыруға ынталандыру мақсатында 2024 жылдан бастап «Үлгілі ауыл» облыстық конкурсы өткізіліп келеді. Соңғы екі жылда Созақ ауданындағы Жартытөбе және Жуантөбе ауылдары байқау жүлдегерлерінің қатарынан орын алды. 2024 жылғы конкурста 3-орынға ие болған Жартытөбе ауылында 26 млн теңгеге street workout балалар алаңы салынып, пайдалануға берілді. Ал 2025 жылғы байқауда 3-орын иеленген Жуантөбе ауылында құны 100 млн теңге болатын спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде. Аталған нысанды биыл аяқтау жоспарланған.
Өткен жылы облыс әкімінің Созақ ауданы тұрғындарымен өткізген кездесуінде көтерілген 7 мәселені шешу жөнінде арнайы іс-шаралар жоспары бекітілген болатын. Қазіргі таңда жоспардағы 6 мәселе толығымен орындалып, қалған 1 мәселе бойынша тиісті жұмыстар жалғасуда.
Кездесу барысында тұрғындар ауылдарды абаттандыру, инфрақұрылымды дамыту және басқа да өзекті бағыттар бойынша сауалдарын қойып, ұсыныстары мен өтініштерін білдірді. Нұралхан Көшеров әрбір мәселені мұқият тыңдап, жауапты басқарма басшылары мен аудан әкімдігіне нақты тапсырмалар жүктеді. Сондай-ақ көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Бұдан кейін облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдау кезінде тұрғындар баспана, инфрақұрылым, жер телімдері, әлеуметтік қолдау, жұмыспен қамту және кәсіпкерлік салаларына қатысты өтініштерін айтты. Әрбір мәселе бақылауға алынып, оларды шешу бағытында тиісті жұмыстар жүргізілетін болады.
