КӨГІЛДІР ОТЫН ҮШ ЕЛДІ-МЕКЕНГЕ ЖЕТТІ

Түркістан облысының Созақ ауданындағы Жартытөбе ауылдық округіне табиғи газ тартылып, елді мекен «көгілдір отынға» қосылды. Енді ауылдық округтегі 680 абонент, яғни 4 мыңнан астам тұрғын табиғи газды пайдаланады. Бұл – халықтың тұрмыс сапасын жақсарту және елді мекендердің инженерлік инфрақұрылымын жаңғырту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі.

Тұрғындардың қуанышына ортақтасу үшін Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Жартытөбе ауылдық округіне арнайы барып, ауыл халқына табиғи газдың іске қосылуымен құттықтауын жеткізді.

 

Нұралхан Көшеров: 

– Бүгін Жартытөбе ауылының тұрғындары көптен күткен «көгілдір отынға» қол жеткізіп отыр. Баршаңызды осы қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ауылдық елді мекендерді әлеуметтік-инженерлік инфрақұрылымын дамытуға айрықша мән беріп келеді. Президент тапсырмасына сәйкес Түркістан облысында елді мекендерді газдандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде. Осы ретте Созақ ауданында бой көтерген автоматтандырылған газ тарату станциясының маңызы айрықша екенін атап өткім келеді. Құны 4,1 миллиард теңгені құрайтын бұл нысан аудандағы елді мекендердің тең жартысын табиғи газбен қамтуға мүмкіндік береді. Бүгін сол мүмкіндік нақты іске айналып отыр. Жартытөбе, Аққолтық және Бабата елді мекендеріне табиғи газ тартылды. Ел игілігіне бағытталған мұндай ауқымды жобалар алдағы уақытта да өз жалғасын табады. Түркістан облысының барлық елді мекенін кезең-кезеңімен табиғи газбен қамту – біздің басты міндетіміз, – деді.

Жартытөбе ауылдық округін газдандыру жобасы Созақ ауданының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысы бойынша жүзеге асырылды. Жобаның жалпы құны 1,8 млрд теңгені құрайды. Оның ішінде республикалық бюджеттен – 800 млн теңге, облыстық бюджеттен – 800 млн теңге, жергілікті бюджеттен 200 млн теңге қарастырылған.

Жалпы, 2025 жылы облыс аумағында елді мекендерді табиғи газбен қамтамасыз етуге арналған 87 нысанның құрылысы басталып, оның 45-і толық аяқталды. Нәтижесінде 102 мың халқы бар 41 елді мекенге «көгілдір отын» жеткізілді. Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша табиғи газбен қамтылған елді мекендер саны 610-ға жетіп, өңір тұрғындарының 89,4 пайызы газбен қамтамасыз етілді. Алдағы уақытта да облыстағы елді мекендерді табиғи газға қосу жұмыстары кезең-кезеңімен жалғасын табады.