АРНАЙЫ КИІМДЕР НАРЫҚҚА ШЫҒЫП ЖАТЫР
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Созақ ауданына жұмыс сапары барысында Шолаққорған ауылындағы «Sozaq Group» ЖШС-нің өндірістік цехына барып, кәсіпорынның тыныс-тіршілігімен және өндірістік мүмкіндіктерімен танысты. Мұнда арнайы киімдер, тұрмыстық қолғаптар, шұлық, жұмысқа арналған аяқ киімдер және арнайы жамылғылар шығарылады.
Өндіріс орны 2026 жылы құрылып, жобаға 250 млн теңге инвестиция тартылған. Сонымен қатар «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 34 млн теңге қаржы бөлінген. Кәсіпорын жылына 876 мың дана тұрмыстық қолғап, 25 мың дана арнайы киім, 25 мың жұп шұлық, 10 мың дана жұмыс киімі және 5 мың дана арнайы жамылғы өндіруге қауқарлы. Өнімдер негізінен аудандағы ірі тау-кен кәсіпорындарына өткізіледі. Қазіргі таңда өндіріс орнында 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Кәсіпорынның өндірістік цехын аралау кезінде өңір басшысы өндіріс көлемін ұлғайту, кәсіпорынның әлеуетін одан әрі дамыту, өнім сапасын тұрақты бақылауда ұстау және жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамту бағытындағы жұмыстарды күшейтуді тапсырды. Бұл ретте өндірілетін өнімдердің аудан аумағындағы ірі кәсіпорындардың қажеттілігін өтеуге бағытталуына және жергілікті өндірісті дамытуға басымдық берудің маңыздылығына назар аударылды.
Сондай-ақ облыс әкімі «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында іске асырылған жобалармен танысып, кәсіпкерлермен жүздесті. Кездесу барысында кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, өндіріс орындарының жұмысын жандандыру және ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамту мәселелері сөз болды.
