НАРЫҚТАҒЫ ОРНЫН НЫҒАЙТУҒА АРНАЛҒАН ЖӘРМЕҢКЕ ӨТТІ
Түркістан қаласында «Atameken Fair Turkistan Brand» жәрмеңкесі өтті. Іс-шараға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров пен «Атамекен» ҚР Ұлттық кәсіпкерлер палатасының Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаев қатысып, өңірде өндірілетін отандық тауарлармен танысты. Жәрмеңке аясында жергілікті кәсіпорындардың өнімдері таныстырылып, аймақтың өндірістік әлеуеті мен кәсіпкерлік саласындағы жетістіктері көрсетілді.
Бір алаңға облыстың үздік тауар өндірушілері бас қосып, сапалы отандық өнімдер мен жаңадан қалыптасқан брендтерді көпшілік назарына ұсынды. Аталған іс-шара өңірде кәсіпкерлікті өркендету, жаңа өндіріс орындарын ашу және жергілікті өнімдердің үлесін арттыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін таныстыруға мүмкіндік берді. Сонымен қатар отандық өндірушілердің өнімдерін кеңінен насихаттап, олардың нарықтағы орнын нығайтуға және өзара іскерлік байланыстарын дамытуға жол ашты.
Бүгінде Түркістан облысында кәсіпкерлік пен өндіріс салалары қарқынды өркендеп келеді. 2026 жылдың 8 айында өңірдегі орта және ірі кәсіпкерлік субъектілері 1,2 трлн теңгенің өнімін өндірді. Өндіріс көлемін ұлғайту мақсатында шикізатты терең өңдеуге, жаңа өндіріс орындарын іске қосуға және дайын өнім шығаруға басымдық берілуде. Бұл бағыттағы жұмыстар жергілікті кәсіпорындардың өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтіп, өңір экономикасының тұрақты дамуына ықпал етуде.
Сонымен қатар облыстың экспорттық әлеуеті де артып келеді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өңірдің сыртқы сауда айналымы 2,3 млрд АҚШ долларын құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 36,2%-ға өсті. Экспорт көлемі 36,5%-ға артып, 1,2 млрд АҚШ долларына жетті. Бұл көрсеткіштер облыста өндірілетін тауарлардың сыртқы нарықтардағы сұранысын арттыруға және экспорттық бағыттағы кәсіпорындардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған жұмыстардың маңызын айқындайды.
Осы бағыттағы жұмыстар шеңберінде көкөністерді терең өңдеу, балалар тағамын, томат пастасын және сүт өнімдерін өндіру секілді басым салалар бойынша 40 инвестициялық ұсыныс әзірленді. Сондай-ақ экономиканың түрлі бағыттарында қызмет ететін отандық тауар өндірушілердің 400-ден астам өнімін қамтитын арнайы каталог дайындалды. Бұдан бөлек, өңірде мақта және ет кластерлерін дамыту жұмыстары жүргізіліп, терең өңдеу саласына айрықша назар аударылуда.
Аталған бастамалар жергілікті өнімдердің мүмкіндіктерін кеңінен танытуға, отандық тауар өндірушілерді қолдауға және өңірдің өндірістік әлеуетін арттыруға бағытталған. Сонымен бірге шикізатты өңдеуден бастап дайын өнім шығаруға дейінгі өндірістік тізбекті қалыптастыруға, жаңа кәсіпорындардың ашылуына және жергілікті өнімдердің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға негіз қалайды. «Atameken Fair Turkistan Brand» жәрмеңкесі осы жұмыстардың нәтижесін көрсетіп, Түркістан облысының кәсіпкерлік және өндірістік мүмкіндіктерін таныстыруға арналған маңызды алаңға айналып отыр.
