ИНВЕСТОРЛАРДЫ СҮЙЕМЕЛДЕУ КҮШЕЙТІЛМЕК
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Қанат Шарлапаевпен кездесті. Кездесу барысында өңірдегі инвестициялық жобаларды қолдау, өңдеу өнеркәсібін өркендету, инфрақұрылымдық мәселелерді шешу, сондай-ақ жер, қаржы және әкімшілік сипаттағы кедергілерді жою бағыттары жан-жақты қарастырылды.
Қазіргі таңда Түркістан облысында жалпы құны 2,8 трлн теңгені құрайтын 122 инвестициялық жобадан тұратын пул қалыптасқан. Аталған жобалар толық жүзеге асырылған жағдайда өңірде 17 мыңнан астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр. Бұл бастамалар облыстың инвестициялық әлеуетін арттыруға, өндірістік мүмкіндіктерін кеңейтуге және халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеруге бағытталған.
Кездесу барысында тараптар инвесторларды сүйемелдеу жұмыстарын одан әрі күшейту, бизнес өкілдерін толғандырған өзекті мәселелерді жедел әрі тиімді шешу, сондай-ақ жергілікті өндірістік тізбектерді дамыту бағытындағы өзара іс-қимылды жалғастыру мәселелерін талқылады. Сонымен қатар кәсіпкерлік субъектілерінің қызметіне қолайлы жағдай жасау, инвестициялық жобаларды іске асыру барысында туындайтын түйткілдерді уақытылы шешу және өңірдің экономикалық дамуына серпін беретін бірлескен жұмыстарды жүйелі түрде жалғастырудың маңыздылығы атап өтілді.
