ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТАЗАЛЫҚ АКЦИЯСЫНА 4 МЫҢ АДАМ ҚАТЫСТЫ
Түркістан облысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында «World Cleanup Day» – Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды экологиялық іс-шара ұйымдастырылды. Негізгі тазалық жұмыстары Қаратау жотасының етегінде орналасқан Ащысай елді мекенінде өткізілді. Оған 4 мыңнан астам адам қатысып, 70 арнайы техника жұмылдырылды. Сонымен қатар қоршаған ортаны абаттандыру және көгалдандыру мақсатында 100 түп ағаш көшеті отырғызылды.
Экологиялық акцияның басты мақсаты – қоршаған ортаның тазалығын сақтау, табиғи аумақтарды тұрмыстық қалдықтардан арылту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және тұрғындарды табиғатты қорғау жұмыстарына белсенді түрде атсалысуға шақыру. Іс-шара қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, табиғи байлықтарды қорғау және ортақ жауапкершілікті арттыру бағытындағы маңызды бастамалардың бірі болды.
Ауқымды экоакцияға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, мемлекеттік қызметшілер, құзырлы орган өкілдері, жастар, еріктілер, қоғамдық ұйым мүшелері және тазалық жұмыстарына жауапты коммуналдық мекемелердің қызметкерлері белсенді қатысты. Қатысушылар табиғи аумақтар мен қоғамдық орындарды тазарту, тұрмыстық қалдықтарды жинау, аумақтарды абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына жұмыла кірісті.
Облыс әкімі өз сөзінде тазалық мәдениетін қалыптастыру бір күндік науқанмен шектелмеуі керектігін, керісінше, әрбір азаматтың күнделікті өмір салтына айналуы тиіс екенін атап өтті. Оның айтуынша, туған жердің тазалығы мен көркеюіне үлес қосу – әрбір тұрғынның ортақ міндеті.
Нұралхан Көшеров:
– «Таза Қазақстан» – жай ғана сенбілік емес. Бұл – туған жерге жанашырлықтың, ортақ жауапкершіліктің және азаматтық мәдениеттің көрінісі. Әрбір тұрғын өз ауласына, өз көшесіне, өз ауылына жанашырлықпен қараса, өңіріміздің келбеті одан әрі көркейе түседі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Таза Қазақстан» бағдарламасының түпкі мәні мен мұраты да осында жатыр. Бұл – жай науқан емес, ұлттық сананы тәрбиелеуге, елдің ертеңін ойлауға негізделген көреген саясат. Түркістан – тарихы терең, түлегі дана, топырағы қасиетті өңір. Осы өлкенің тазалығы, көркеюі мен абаттануы – баршамызға парыз. Қасиетті жерді қасиетті істермен ұлықтайық, – деді.
Экологиялық іс-шара барысында тау бөктері мен қоғамдық аумақтар тұрмыстық қалдықтардан тазартылып, жиналған қоқыстар арнайы техникалар арқылы шығарылды. Сонымен бірге қоршаған ортаны көгалдандыру және табиғи аумақтарды абаттандыру бағытында бірқатар жұмыстар атқарылды. Тазалық жұмыстарының нәтижесінде 93 тонна қоқыс шығарылып, 72 гектар аумақ тазартылды. Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша жалпыұлттық экологиялық акцияға 74 мыңға жуық адам қатысты.
Түркістан облысында «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясындағы экологиялық жұмыстар жүйелі түрде жалғасып келеді. Бұған дейін ұйымдастырылған күзгі тазалық акцияларына 15 мыңнан астам адам қатысып, нәтижесінде 779,8 тонна қоқыс шығарылып, 508 гектардан астам аумақ тазартылған болатын. Бұл көрсеткіштер өңірде қоршаған ортаны қорғау, елді мекендердің тазалығын сақтау және тұрғындардың экологиялық жауапкершілігін арттыру бағытындағы жұмыстардың тұрақты түрде жүргізіліп келе жатқанын көрсетеді.
«Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясындағы бастамалар туған өлкенің табиғатын қорғауға, елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға және қоғамда тазалық мәдениетін орнықтыруға бағытталған. Осындай ауқымды іс-шаралар арқылы тұрғындардың қоршаған ортаға деген жауапкершілігін арттырып, табиғатты аялау мен туған жерді көркейтуге негізделген ортақ құндылықтарды нығайту көзделеді.
