АҚСУ-ЖАБАҒЫЛЫ ҚОРЫҒЫНЫҢ ТАҒДЫРЫ ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түлкібас ауданында Қазақстан мен Орта Азиядағы тұңғыш мемлекеттік табиғи қорық – «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдық мерейтойына орай «Ұлт тұлғасы – Тұрар Рысқұлов және ғасыр жауһары – Ақсу-Жабағылы» атты ғылыми конференция ұйымдастырылды. Тағылымы мол жиынға Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, жоғары оқу орындарының ректорлары, ғалымдар, педагогтер, экологтар мен қорық қызметкерлері қатысты.

Ғылыми басқосуда Тұрар Рысқұловтың өнегелі өмір жолы мен тарихи мұрасы, ғасырлық тарихы бар Ақсу-Жабағылы қорығының қалыптасу кезеңдері, табиғи әлеуеті, ғылыми-зерттеу жұмыстары мен жетістіктері кеңінен зерделенді. Сонымен бірге қорықтың табиғи байлығын сақтау, ғылыми мүмкіндіктерін кеңейту, тарихи-экологиялық маңызын көпшілікке таныту және жас ұрпақтың табиғат алдындағы жауапкершілігін арттыру мәселелеріне басымдық берілді.

Жиынның ашылуында сөз сөйлеген облыс әкімі Нұралхан Көшеров конференцияға қатысушыларды «Ақсу-Жабағылы» қорығының 100 жылдық мерейтойымен құттықтап, табиғи мұраны қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру бағытындағы жұмыстардың маңыздылығына тоқталды.

Нұралхан Көшеров: 

Бүгінгі басқосудың тарихи да танымдық салмағы айрықша. Себебі біз Орталық Азиядағы тұңғыш табиғи қорықтың ғасырлық жылнамасын ұлықтап қана қоймай, оның негізін қалаған Алаш арыстарының өнегелі ізін жаңғырту үшін жиналып отырмыз. Бұдан тура бір ғасыр бұрын, 1926 жылы осы қорықты құру туралы мемлекеттік деңгейде шешім қабылдап, жүзеге асырған – ұлт перзенті Тұрар Рысқұлов еді. Осылайша, қазақ жерінде табиғатты жүйелі түрде қорғаудың жаңа дәуірі басталды. Ақсу-Жабағылы – жай ғана қорық емес, бұл – табиғаттың тірі шежіресі, ұрпақтан ұрпаққа жеткен аманат. Ғасырлар тоғысында бұл мекен өзінің табиғи қалпын сақтап, ғылыми зерттеулердің маңызды орталығына айналды. 2015 жылы «Ақсу-Жабағылы» ЮНЕСКО-ның «Адам және биосфера» бағдарламасы аясында биосфералық резерват мәртебесіне ие болды. Бұл – қорықтың халықаралық деңгейдегі табиғи құндылығын айғақтайтын маңызды белес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев табиғи ресурстар мен биоәртүрлілікті қорғауды мемлекеттік саясаттың басты стратегиялық бағыттары ретінде айқындады. Бұл ұстаным жаңа Конституциямызда да көрініс тауып, табиғатты қорғау мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру әрбір азаматтың бұлжымас міндетіне айналды. Бұл – табиғатты қорғауды бүкіл қоғамның ортақ жауапкершілігіне айналдырған тарихи қадам. Президенттің бастамасымен жүзеге асып жатқан «Таза Қазақстан» бағдарламасының мақсаты – табиғатты таза ұстап, экологиялық мәдениетті ұлттық дағдыға айналдыру. Ақсу-Жабағылының ғасырлық тарихы мен бүгінгі тынысы осы жалпыұлттық құндылықтармен толықтай үндесіп жатыр. Бүгінде Түркістан облысының алдында тарихи-рухани құндылықтармен қатар, экологиялық және ғылыми туризмді жаңа деңгейге дамыту міндеті тұр. Ақсу-Жабағылы сияқты баға жетпес табиғи жауһарымыз барда бұл саладағы әлеуетіміз өте жоғары. Сондықтан қорықтың ғасырлық тарихы жалғасып, табиғи байлығы мәңгі жасай берсін! Конференция жұмысына сәттілік тілеймін! – деді.

Конференцияның ғылыми мазмұны Тұрар Рысқұловтың тарихи қызметі мен мұрасын зерделеуге, сондай-ақ Ақсу-Жабағылы қорығының табиғатты қорғау саласындағы орны мен маңызын айқындауға арналды. Ғылыми баяндамаларда қорықтың қалыптасу тарихы, табиғи ерекшеліктері мен зерттеу бағыттары тарқатылып, ал, талқылауларда Ақсу-Жабағылының Қазақстан мен Орталық Азиядағы табиғатты қорғау ісіндегі тарихи орны, бірегей экожүйесін сақтау, биоалуантүрлілікті зерттеу және табиғи мұраны келешек ұрпаққа аманат ету мәселелері қамтылды.

Әлемдік ЮНЕСКО-ның қорықтар тізіміне енген «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының ғасырлық тарихы, ғылыми-зерттеу қызметі және табиғи экожүйені сақтаудағы маңызы конференцияның негізгі бағыттарын құрады. Ғылыми талқылаулар барысында қорықтың халықаралық деңгейдегі табиғи құндылығы, қоршаған ортаны қорғау саласындағы орны және ғылыми әлеуетін дамыту мәселелері жан-жақты қарастырылды.

Мерейтойлық конференция тарихи тұлға Тұрар Рысқұловтың тағылымды мұрасы мен ғасырлық тарихы бар «Ақсу-Жабағылы» қорығының табиғи құндылығын өзара сабақтастыра отырып, тарих, ғылым және табиғатты қорғау салаларының тығыз байланысын айқындаған мазмұнды ғылыми алаңға айналды. Басқосу қорықтың бай тарихын дәріптеу, табиғи мұрасын сақтау және оны келер ұрпаққа жеткізу жолындағы ғылыми ізденістер мен қоғамдық жауапкершіліктің маңызын көрсетті.