ДАМЫТУ ОРТАЛЫҚТАРЫН ЖАБДЫҚТАУҒА ҚОЛДАУ КӨРСЕТІЛМЕК

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының өкілдерімен Zoom форматында кездесу өткізіп, өңірде іске асырылатын әлеуметтік жобаларды талқылады. Кездесу барысында ауыл балаларының қосымша білім алу мүмкіндіктерін кеңейту және заманауи білім беру инфрақұрылымын қалыптастыру мәселелері қаралды.

Нұралхан Көшеров: 

Өздеріңіз білесіздер, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев адами капиталды дамыту мен жас ұрпақтың сапалы білім алуына жағдай жасауды басты басымдық ретінде айқындап келеді. Бүгін сіздердің қарауларыңызға ұсынылып отырған «Жасампаз ұрпақ»: Түркістан облысындағы қосымша білім беруді дамыту» жобасы – Президентіміздің осы стратегиялық бағытымен үндесетін бірегей бастама», – деді.

Өңір басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына білім беру саласына, әсіресе ауыл балаларының сапалы әрі заманауи білім алуына көрсетіп отырған қолдауы үшін Түркістан облысының халқы атынан алғысын білдірді.

 

Жоба шеңберінде облыста бой көтеретін Жаңа буынды дамыту орталықтарын қажетті құрал-жабдықтармен жарақтандыруға «Қазақстан халқына» қоры тарапынан қаражат бөлу жоспарланып отыр.

Түркістан облысы – демографиялық өсімі жоғары, бала саны көп өңір. Облыс халқының шамамен 38 пайызын балалар құрайды, ал тұрғындардың 75 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Осыған орай ауыл балаларының қосымша білім алуға, заманауи шығармашылық үйірмелерге қатысуға және жаңа технологияларды меңгеруге қолжетімділігін арттыру аса маңызды.

Бұл бағытта облыс әкімдігі тарапынан да кешенді жұмыстар жүргізілуде. Жергілікті бюджет есебінен Сарыағаш пен Жетісай аудандарында 600 орындық, Мақтаарал мен Келес аудандарында 300 орындық төрт Жаңа буынды дамыту орталығы салынуда. Нысандардың құрылысын осы жылдың соңына дейін аяқтау көзделген.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының Қамқоршылық кеңесінің төрағасы Бану Нұрғазиева мен кеңес мүшелері бастаманы қолдап, өңірдің адами капиталын дамытуға бағытталған жұмыстардың нәтижелі болатынына сенім білдірді.