МЫҢДАҒАН ПОЛИЦЕЙ СЕНБІЛІККЕ ҚАТЫСТЫ
Түркістан облысы Полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалымжан Қуашбаев бастаған тәртіп сақшылары Ащысай тау бөктерінде ұйымдастырылған тазалық жұмыстарына атсалысып, қоршаған ортаны абаттандыруға өз үлестерін қосты.
Жалпы, полиция қызметінің негізгі міндеті қоғамдық тәртіп пен тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етумен ғана шектелмейді. Тәртіп сақшылары қоғамға үлгі көрсетіп, елді мекендердің тазалығы мен көркейіп, абаттануына да белсенді түрде атсалысады. Осы бағытта облыс аумағындағы 17 қалалық және аудандық полиция бөлімінің мыңдаған қызметкері жалпыхалықтық сенбілікке белсенді түрде қатысты. Олар өздеріне бекітілген қызметтік аумақтарды тазалаумен қатар, елді мекендердегі көпшілік пайдаланатын орындардың тазалығын қамтамасыз етуге де үлес қосты.
Полицейлер тазалық шарасы барысында айналадағы тұрмыстық қалдықтарды жинап, аумақтарды ретке келтірді. Сонымен қатар қоғамдық орындардың санитарлық жағдайын жақсартуға бағытталған жұмыстар жүргізіп, табиғи аумақтардың таза әрі жинақы болуына назар аударды.
Бұл игі бастама Дүниежүзілік тазалық күніне орай ұйымдастырылған «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында Түркістан облысының барлық аумағында жүзеге асырылды. Ауқымды шараға полиция қызметкерлері белсенді қатысып, қоршаған ортаны қорғау мен тазалық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған жұмыстарды қолдады.
Іс-шараның басты мақсаты – өңірдегі санитарлық тазалықты жақсарту, қоршаған ортаны қорғауға қоғам назарын аудару және тұрғындар арасында тазалық пен ұқыптылық мәдениетін орнықтыру. Полиция қызметкерлерінің мұндай бастамаларға қатысуы елді мекендердің көркеюіне үлес қосып қана қоймай, тұрғындарды туған жердің тазалығына жанашырлықпен қарауға үндейді.
