ТҮРКІСТАН – ХУБЭЙ: ӨҢІРЛІК ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ҚАЛАЛАР
Қытай Халық Республикасының Ухань қаласында «Әлем қалалары әкімдерінің диалогы – Ухань» және Ухань қаласының бауырлас қалалармен ынтымақтастығы жөніндегі халықаралық конференциясы өтуде. Халықаралық жиынға бес құрлықтағы 22 елдің 24 қала әкімі мен 80-нен астам ресми өкіл қатысып отыр. Олардың қатарында Қазақстан, Ұлыбритания, Венгрия, Испания, Румыния, Германия, Мьянма, Пәкістан, Таиланд, АҚШ, Бразилия, Оңтүстік Африка Республикасы және басқа да мемлекеттердің өкілдері бар.
Халықаралық конференцияға Түркістан облысы әкімі Нұралхан Көшеровтің тапсырмасымен Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы, сондай-ақ сәулет және қала құрылысы, кәсіпкерлікті қолдау және туризм салаларына жауапты бөлім басшылары қатысуда. Жиын барысында Түркістан қаласының әлеуеті мен даму перспективалары таныстырылды.
Іс-шара аясында Түркістан мен Ухань қалалары арасында бауырластық және достық байланыстар орнату туралы меморандумға қол қойылды. Құжат екі шаһар арасындағы тікелей қарым-қатынасты нығайтуға, сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарды кеңейтуге, өнеркәсіптік кооперацияны дамытуға, білім мен ғылым, инновация, мәдениет пен туризм салаларындағы өзара іс-қимылды арттыруға, сондай-ақ заманауи қала құрылысы мен қалалық басқару бағыттарында тәжірибе алмасуға берік негіз қалыптастырады.
Аталған меморандум Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасында қалыптасқан өңіраралық ынтымақтастықтың заңды жалғасы болып табылады. 2025 жылғы маусымда «Қытай – Орталық Азия» екінші саммиті аясында Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасында достық қатынастар орнату туралы келісімге қол қойылған болатын. Осылайша, бұған дейін өңірлер деңгейінде жолға қойылған өзара байланыс жаңа кезеңге көтеріліп, Түркістан мен Ухань қалалары арасындағы тікелей серіктестік арқылы одан әрі нығая түспек.
Түркістан мен Ухань арасында тікелей достық қарым-қатынастың қалыптасуы Қытайдың орталық бөлігіндегі ірі экономикалық әрі технологиялық орталықтардың бірімен нақты жобаларға бағытталған әріптестікті дамытуға қосымша мүмкіндік береді. Түркістан облысы мен Хубэй провинциясы арасындағы орныққан өңіраралық байланысты ескере отырып, ынтымақтастықтың жаңа форматы «өңір – өңір» және «қала – қала» қағидаттары негізінде өзара іс-қимыл аясын кеңейтуге мүмкіндік туғызады.
Сапар аясында Түркістан қаласының делегациясы Ухань қаласындағы бірқатар жетекші өндірістік кәсіпорындардың қызметімен танысып, олардың өндірістік және технологиялық мүмкіндіктерін зерделеуде. Сонымен бірге делегация Хубэй провинциясының бірқатар жетекші компанияларымен кездесулер өткізіп, келіссөздер жүргізуде.
Атап айтқанда, импорттық және экспорттық сауда, халықаралық логистика, шетелдік серіктестерге қызмет көрсету және туризм бағыттарында жұмыс істейтін компаниялармен, сондай-ақ муниципалдық сарқынды суларды тазарту, қалдықтарды басқару, мәдени-индустриялық жобалар мен халықаралық спорттық іс-шаралар салаларындағы кәсіпорындармен әріптестік орнату перспективалары қарастырылуда.
Қытайға жұмыс сапары барысында Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Хубэй провинциясы мен Түркістан облысы арасындағы өзара іс-қимылға жауапты қауымдастық төрағасы Хуан Лисяомен кездесті. Қауымдастық құрамына Қытай елінің 10 мыңнан астам өндіріс компаниясы кіреді. Кездесу кезінде өңірлер арасында қалыптасқан серіктестікті қалалар деңгейінде одан әрі өрістету, іскерлік және инвестициялық байланыстарды күшейту, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелері талқыланды.
Ухань – Қытайдың орталық бөлігіндегі ірі экономикалық, өндірістік және технологиялық орталықтардың бірі. Осыған байланысты жаңа байланыстар Түркістан үшін инвестиция тарту, заманауи технологиялар мен басқару тәжірибесін енгізу, кәсіпкерлік және өнеркәсіптік кооперацияны кеңейту, білім беру, туризм және мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамыту бағыттарында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.
