ӨҢІРДЕ ТҰРАҚТЫ РЕЙД ЖҮРГІЗІЛЕДІ

Түркістан облысында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында елді мекендерде тазалық сақтау және абаттандыру жұмыстары жүйелі жүргізіліп жатыр. Дүниежүзілік тазалық күніне орай ауқымды сенбіліктер ұйымдастырылып, оған 73 885 адам қатысты. Нәтижесінде 1 124 гектар аумақ тазартылып, 815,3 тонна қоқыс шығарылды. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте айтылды.

Аймақ басшысы аудан және қала әкімдіктеріне тазалық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуді тапсырды. Сондай-ақ анықталған кемшіліктер бойынша ескерту тақтайшалары мен бейнебақылау камераларын орнату және рейд ұйымдастыруды ескертті.

Аймақта тазалық талаптарын сақтау қатаң бақылауда. Сауран, Отырар аудандарында және Кентау қаласында полиция және санитариялық-эпидемиологиялық бақылау қызметі өкілдерінен құралған мобильді топтар қоғамдық орындарда рейд жүргізді. Нәтижесінде тазалық талаптарын бұзудың 60 фактісі бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды.

Жалпы қоғамдық орындарда тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету мақсатында 434-2-бап бойынша 6 110 хаттама толтырылып, 178 млн теңге айыппұл салынды. Бұл көрсеткіш өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 64 %-ға төмендеген. Ал 505-бап бойынша 8 528 хаттама рәсімделіп, 49,7 млн теңге айыппұл салынған. Ауылдық округ әкімдіктері тарапынан 505-бап бойынша 4 591 хаттама толтырылып 21,6 млн теңге көлемінде айыппұл өндірілді.

Жиналыста кейбір аудандар мен қала әкімдері сын садағына ілікті. Мәселен, Жетісай ауданында жүргізілген мониторинг нәтижесінде саябақтар мен бей-берекет қоқыс орындарында,  көпқабатты үйлердің аулаларына  қатысты анықталған кемшіліктерді бір аптада жою талап етілді.

«Таза Қазақстан» Telegram чат-боты арқылы тұрғындардан келіп түскен 2962 өтініштің 2 791-і нақты орындалса, қалғаны 171-ы орындалу үстінде.