ӨНІМДІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУ КӨЛЕМІ ҰЛҒАЙТЫЛАДЫ
Түркістан облысы әкімінің аппараты өткізген апталық мәжілісте өңірдегі күзгі дала науқанының қазіргі ахуалы мен мал шаруашылығын қысқы кезеңге қажетті жем-шөп қорымен қамту мәселелері қаралды. Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты басқарма басшысына және аудан, қала әкімдеріне күзгі жиын-терім науқанын сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтауды тапсырды. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу көлемін ұлғайту маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті.
Биыл Түркістан облысында ауыл шаруашылығы дақылдары 920,1 мың гектар аумаққа орналастырылды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 9 мың гектарға көп. Оның ішінде мақта 173,6 мың гектарға, майлы дақылдар 98,3 мың гектарға, жүгері 46,5 мың гектарға егілді. Мақта алқаптарының көлемін арттыруға заманауи агротехнологияларды кеңінен қолдану оң әсерін тигізуде. Биыл мақта шаруашылығында озық технологиялар 91 мың гектар жерге енгізілді.
Қазір өңірде негізгі ауыл шаруашылығы дақылдарын жинау науқаны жоспарлы түрде жалғасуда. Масақты дақылдарды жинау толығымен аяқталып, 274,4 мың гектардан 534,4 мың тонна өнім бастырылды. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 198,4 мың тоннаға артық.
Майлы дақылдардың 86 пайызы жиналып, 84,5 мың тонна өнім алынды. Көкөніс пен картопты жинау жұмыстарының 93 пайызы орындалып, 1,18 млн тонна өнім жиналды. Ал бақша дақылдарының 90 пайызы жиналып, жалпы көлемі 1,46 млн тоннаны құрады.
Малдарды қысқы маусымда азықпен қамтамасыз ету бағытында да қажетті қор жасақталды. Облыста қыстау кезеңіне 5,2 млн тонна мал азығы қажет болса, бүгінде 5,28 млн тонна жем-шөп дайындалды. Осылайша қажетті көлемнің 102 пайызы қамтылды.
Дайындалған қордың құрамында 3,97 млн тонна шөп, 409,1 мың тонна сабан, 529,3 мың тонна сүрлем мен пішендеме және 358,6 мың тонна құнарлы жем бар. Бұл биылғы вегетациялық кезеңнің қолайлы өтуі нәтижесінде мал азығына арналған дақылдардың өнімділігі жоғары болғанын аңғартады.
Күзгі егіс және жиын-терім жұмыстарын тиімді ұйымдастыру мақсатында шаруаларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары да жалғасып келеді. Биыл көктемгі және күзгі дала жұмыстарын қаржыландыруға 33,4 млрд теңге бөлу жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін 1 841 жобаға 32,1 млрд теңге қаржы ұсынылды. Бұдан бөлек, күзгі дала жұмыстарына 41,8 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны қарастырылған.
Ауыл шаруашылығы техникасының паркін жаңарту ісі де өз жалғасын табуда. Биыл өңірде 1 267 жаңа техника сатып алынды. Оның 892-сі 14,9 млрд теңгеге лизинг тетігі арқылы алынса, 375 техника шаруалардың жеке қаражаты есебінен сатып алынған. Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы техникасының жаңару көрсеткіші 7,3 пайызға жетті.
Мәжіліс барысында су үнемдеу технологияларын кеңінен қолдану мәселесіне де ерекше назар аударылды. Биыл аталған технологияларды қосымша 50 мың гектар алқапқа енгізу жоспарланған. Осы жұмыстардың нәтижесінде жалпы көлемді 164 мың гектарға жеткізу көзделіп отыр. Қазіргі уақытта 44,6 мың гектар жерге су үнемдеу технологиялары енгізілді.
Облыс әкімі осы бағыттағы жұмысты күшейтіп, жоспарға енгізілген алқаптарда тиісті шараларды белгіленген мерзімде жүзеге асыруды тапсырды.
Биылғы 8 айдың қорытындысы бойынша Түркістан облысында ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 714,4 млрд теңгеге жетті. Нақты көлем индексі 109,5 пайызды құрады. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы республикада бірінші орында тұр.
Сонымен қатар агроөнеркәсіптік кешен мен тамақ өндірісінің негізгі капиталына 171,7 млрд теңге инвестиция тартылды.
Облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғаларға күзгі жиын-терім жұмыстарын белгіленген уақытта аяқтауды, мал азығына қажеттілікті толық өтеуді, арзандатылған дизель отынын шаруаларға уақытылы жеткізуді және су үнемдеу технологияларын енгізу қарқынын күшейтуді тапсырды.
