ЖЕМҚОРЛЫҚ ТӘУЕКЕЛДЕРІН ТАЛҚЫЛАДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі комиссияның отырысы өтті.

Жиында ауыл шаруашылығы, құрылыс, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары салаларындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу және оларды жою бойынша атқарылып жатқан жұмыстар қаралды.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы басқармасындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы талқыланды. Мемлекеттік қызмет көрсету, субсидия бөлу және бюджет қаражатын пайдалану кезінде анықталған тәуекелдерге назар аударылды.

Өтінімдерді қарау барысында адами факторды азайту, шешім қабылдау үдерісінің ашықтығын қамтамасыз ету және бірдей жағдайдағы өтінімдерге бірыңғай талаптарды қолдану мәселелері көтерілді.

Сондай-ақ құрылыс саласында жүргізілген ішкі талдау кезінде анықталған тәуекелдер қаралды. Жиында оларды жою үшін тиісті шаралар қабылдау қажеттігі айтылды.

Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары саласында жаңа бағыттарды ашу кезінде белгілі бір тасымалдаушыға артықшылық бермеу, сондай-ақ сыбайлас жемқорлықтың алдын алу шараларын күшейту мәселелері де талқыланды.

Нұралхан Көшеров: 

– Біздің басты мақсатымыз – мемлекеттік қолдау шараларының шынайы мұқтаж азаматтар мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге әділ, ашық және бірдей қағидаттар негізінде көрсетілуін қамтамасыз ету. Сондықтан сыбайлас жемқорлық тәуекелдері жою бойынша тиісті шаралар қабылдап, сапалы жұмыс жүргізуді тапсырамын. Квазимемлекеттік сектор мекемелерінде жүргізіліп жатқан ішкі талдау субъектілерінің қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін туындататын нақты кейстерді анықтап, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес тиісті шаралар қабылдаңыздар, – деді

Комиссия отырысының қорытындысы бойынша анықталған тәуекелдер мен бұзушылықтарды жою жөнінде жоспар әзірлеу тапсырылды. Сонымен қатар шешім қабылдаудың ашықтығын және қаржылық бақылауды қамтамасыз ету, мемлекеттік қызмет көрсету мен субсидиялау кезінде анықталған тәуекелдер бойынша жауапты қызметкерлердің жауапкершілігін заң аясында қарау жөнінде міндеттер жүктелді.