ӘЛЕУМЕТТІК КӨМЕК ШЫН МҰҚТАЖ ОТБАСЫЛАРҒА БЕРІЛЕДІ
Президент Жолдауында жүктелген міндеттерді орындау мақсатында Түркістан облысында әлеуметтік қолдаудың тиімділігін арттыру, көмекке шын мәнінде мұқтаж азаматтарды анықтау және мемлекеттік ресурстарды орынды пайдалану бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Алдағы жылдан бастап өңірде мұқтаждық қағидатын кезең-кезеңімен енгізу тетіктерін жетілдіру жоспарланып отыр. Осыған байланысты облыстағы 500 мыңға жуық отбасының әлеуметтік ахуалына жан-жақты талдау жүргізу міндеті белгіленді. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық жиында қаралды.
Аймақ басшысы жауапты мекеме басшыларына отбасылардың жағдайын бағалау жұмыстарын тек есеп үшін жүргізуге жол бермей, әрбір деректің нақтылығына және зерделеудің толыққанды орындалуына баса назар аударуды тапсырды.
Нұралхан Көшеров:
– Бекітілген көрсеткіштер толық орындалуы керек. Мүгедектігі бар азаматтарды қайта куәландыру жұмыстарын мерзіміне сай өткізіп, аяқтаңыздар. Оңалту индикаторларын орындап, толық қолдау шараларын қамтамасыз етіп, саланы цифрландыру бойынша нақты ұсыныс енгізілсін. Мүгедектігі бар азаматтарды әлеуметтік қорғау бағытындағы жұмыстардың тиімділігін арттыру, мемлекеттік қолдаудың қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз ету және бюджет қаражатының мақсатты жұмсалуын қатаң бақылауда, – деді.
Жиында Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Мекенхан Қозыханұлы салада атқарылған жұмыстар жөнінде баяндады. Оның айтуынша, мұқтаждық қағидатын енгізуге арналған пилоттық жобаны 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап іске қосу көзделген. Жоба төрт кезеңнен тұрады. Басты мақсат – әр азамат пен отбасының нақты әлеуметтік жағдайын бағалап, мемлекеттік көмекті шынайы мұқтаж жандарға бағыттау.
Отбасының цифрлық картасы шеңберінде мәліметтері жаңартуды қажет ететін «А» және «В» санаттарындағы азаматтардың деректері қайта қаралды. Жүргізілген жұмыстар қорытындысында «А» санатындағы әлеуметтік төлем алушылардың 200-ге жуығы мемлекеттік жәрдемақыдан өз еркімен бас тартқан.
Бұған қоса, өңірде тұрмыстық жағдайы төмен және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың кірісін көбейтуге, өмір сүру деңгейін жақсартуға бағытталған жобалар жүзеге асырылуда.
Мәселен, «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында қайта өңдеу бағыты бойынша жалпы құны 1 679,0 млн теңгені құрайтын 55 кооператив құру жоспарланған. Бұл бастамалар нәтижесінде 220 адамды тұрақты жұмыспен қамту көзделіп отыр. Сонымен қатар бағдарлама шеңберінде 10-нан астам азаматқа жалпы көлемі 81,5 млн теңге несие беріліп, олардың жеке кәсіп ашуына және табысын ұлғайтуына жағдай жасалды.
Сондай-ақ Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024–2029 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, облыста 100-ге жуық тұрғынға кәсіпкерлікпен айналысуға және жеке кәсібін кеңейтуге арналған қайтарымсыз мемлекеттік грант табысталды.
Алдағы кезеңде де әлеуметтік қолдауға зәру отбасылардың табысын арттыру, еңбекпен қамту және кәсіпкерлік жобаларын іске асыруға қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасын табады.
Аппарат мәжілісінде мүгедектігі бар азаматтардың құқықтарын қорғау және әлеуметтік қолдау шараларының орындалу барысы да талқыланды. Қазіргі таңда Түркістан облысында 104 313 мүгедектігі бар азамат есепте тұр. Бұл өңір тұрғындарының 5 пайызын құрайды. Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда олардың саны 1 912 адамға көбейген.
Осы бағыттағы жұмысты жетілдіру үшін аудан және қала әкімдіктерінің өкілдері қатысқан арнайы жұмыс тобы жасақталған. Топ мүшелері мүгедектікті белгілеудің негізділігін, сондай-ақ азаматтардың техникалық оңалту құралдарына деген нақты қажеттілігін анықтау мақсатында тексеру және салыстыру жұмыстарын жүргізуде. Зерделеу нәтижесінде 6 758 азаматтың ақпараттық жүйеде тіркелген мекенжайында тұрмайтыны белгілі болды. Бұдан бөлек, 8 949 азаматты қайта куәландыру қажеттілігі анықталып, олардың оңалту құралдарына деген нақты сұранысын қосымша тексеру керектігі нақтыланды.
Талдау барысында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімдері тарапынан оңалту құралдарын негізсіз тағайындау жағдайлары да анықталуда. Осы деректер бойынша құзырлы органдар тиісті тексеру жүргізіп, заң аясында шаралар қабылдау жұмыстарын қолға алған.
Сонымен қатар облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы ұсынылатын қызметтердің сапасы мен қызмет көрсетуші өнім берушілердің жұмысына бақылау күшейтілді.
Күн тәртібіндегі мәселе аясында Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Бегман Нұрмаханов пен Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдувалиевтің баяндамалары тыңдалды.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты басқармаларға, аудан және қала әкімдеріне Президент Жолдауында көзделген міндеттердің сапалы әрі белгіленген мерзімде орындалуын қамтамасыз етуді жүктеді. Әлеуметтік көмектің шын мұқтаж отбасыларға жетуіне басымдық беріп, әрбір отбасының тұрмыс-тіршілігі мен әлеуметтік жағдайын толыққанды зерделеудің маңызын атап өтті.
Бұдан бөлек, әлеуметтік қызмет көрсету сапасын жақсарту, мемлекеттік бюджет қаражатының мақсатты әрі тиімді жұмсалуына бақылауды күшейту қажеттігін ескертті. Сондай-ақ жауапты тұлғаларға бекітілген индикаторлардың толық орындалуын қамтамасыз етіп, әлеуметтік саладағы үдерістерді цифрландыруға қатысты нақты ұсыныстар әзірлеуді тапсырды.
