МЫҢҒА ЖУЫҚ БАЛА ҚАМҚОРШЫЛЫҚҚА АЛЫНҒАН
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың құқықтары мен заңды мүдделерін сақтау, қауіпсіз ортасын қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу шараларына айрықша мән берілуде. Бұл бағыттағы өзекті мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен мәжілісте қаралды.
Басқосуда облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова саладағы атқарылған жұмыстардың нәтижелері мен алдағы міндеттер туралы баяндады. Аталған басқарманың қызмет аясына қорғаншылық және қамқоршылық саласындағы мемлекеттік міндеттерді орындау, балаларға психологиялық қолдау көрсету орталықтарының қызметін үйлестіру, жасөспірімдердің құқықтары мен мүдделерін қорғау, сондай-ақ олардың заңды құқықтарының бұзылуына жол бермеу кіреді.
Қазіргі уақытта Түркістан облысында 18 жасқа дейінгі 927 106 бала тұрады. Олардың 148 174-і мектепке дейінгі ұйымдарда тәрбиеленсе, 524 256 оқушы жалпы білім беретін мектептерде білім алуда. Ал 46 343 жас колледждерде оқиды. Бұдан бөлек, 1000-ға жуық бала қорғаншылық пен қамқоршылыққа алынған, патронаттық тәрбиеге берілген немесе арнаулы мекемелерде тәрбиеленіп жатыр.
Өңірде жасөспірімдердің психологиялық ахуалын анықтау, отбасындағы және әлеуметтік ортадағы жағдайын саралау, сондай-ақ олардың өміріне төнуі мүмкін қауіп-қатерлерді ерте кезеңде анықтау мақсатында бақылау жұмыстары жүргізіліп, арнайы іс-шаралар жоспары жасақталған.
Биылғы оқу жылынан бастап білім беру мекемелерінде «Balazhan» цифрлық платформасы қолданысқа енгізілді. Сонымен бірге балалардың құқықтық қорғалуын қамтамасыз ету және қиын жағдайға тап болған жеткіншектерге дер кезінде жәрдемдесу мақсатында «111» байланыс орталығының қызметі туралы түсіндіру жұмыстары кеңейтілді. Негізгі назар балалардың амандығын қамтамасыз етуге, жауапты мемлекеттік мекемелер арасындағы байланысты үйлестіруге және қажетті көмекті уақытылы ұйымдастыруға бағытталған.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімі жауапты басқармалар мен аудан, қала әкімдіктеріне жас ұрпақтың құқықтарын қорғау саласындағы жұмысты жаңа деңгейге көтеру жөнінде бірқатар тапсырма жүктеді. Нұралхан Көшеров бала тәрбиесі мен оның қауіпсіздігіне жағдай жасау бүкіл қоғамға ортақ міндет екенін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі, өміріміздің жалғасы. Сондықтан өскелең ұрпақтың тәрбиесі мен қауіпсіздігіне бейжай қарауға болмайды. Әр баланың құқығы қорғалып, сапалы білім алуына, саналы тәрбие мен қолайлы ортада өсуіне жағдай жасалуы тиіс. Бұл ретте отбасының жауапкершілігімен қатар, мемлекеттік органдардың да міндеті зор. Балаларға қатысты мәселелерді назардан тыс қалдырмай, әрбір баланың жағдайын жіті бақылауда ұстау қажет. Тәуекел тобындағы балалармен жұмысты күшейтіп, олардың отбасылық және әлеуметтік жағдайын зерделеу, қажетті көмекті уақытылы көрсету маңызды. Балалардың қауіпсіздігі мен тәрбиесіне қатысты жұмыстар формалды түрде емес, нақты нәтижеге бағытталуы керек, – деді.
Осы орайда жауапты құрылымдар мен аудан, қала әкімдеріне кәмелетке толмағандардың құқықтық мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін нығайту, ата-аналармен және отбасылармен жүргізілетін жұмыстарды жандандыру, тәрбиелік іс-шаралардың нәтижелілігін арттыру бойынша нақты міндеттер жүктелді.
Сонымен қатар облыс басшысы мемлекеттік органдар арасындағы үйлесімді жұмысты күшейтіп, берілген тапсырмалардың белгіленген мерзімде әрі сапалы орындалуын тұрақты бақылауда ұстауды міндеттеді.
