АҚШ КОМПАНИЯЛАРЫМЕН ӘРІПТЕСТІК НЫҒАЯДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Питер Кауфманмен жүздесті. Кездесу барысында өңіраралық байланысты жандандыру, америкалық инвестицияларды тарту, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, білім беру және туризм салаларындағы ынтымақтастықты дамыту бағыттары сөз болды.
Өңір басшысы жүздесу кезінде Қазақстан мен Америка Құрама Штаттары арасындағы стратегиялық әріптестіктің мәніне тоқталып, Түркістан облысының экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін атап өтті.
Нұралхан Көшеров:
– Қазақстан мен АҚШ арасындағы байланыс жоғары деңгейде дамып келеді. Түркістан облысы – экономикалық мүмкіндігі зор, инвестиция тартуға қолайлы әрі қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біз шетелдік инвесторлармен ұзақ мерзімді және өзара тиімді әріптестік орнатуға басымдық береміз. Әсіресе, ауыл шаруашылығы, агроөнеркәсіп кешені, өнеркәсіп, заманауи технологиялар мен білім беру бағыттарында америкалық компаниялармен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделіміз. Инвесторларға қажетті қолдау көрсетіп, жобаларды іске асыруға барлық жағдайды жасауға дайынбыз, – деді.
Өз кезегінде Питер Кауфман жылы қабылдауы үшін облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, тарихи Түркістан қаласының өзін ерекше әсерге бөлегенін жеткізді. Сондай-ақ екіжақты әріптестікті одан әрі тереңдетуге ниетті екенін айтты.
Жиында білім беру мен агроөнеркәсіп бағытындағы ортақ жобаларға айрықша көңіл бөлінді. Атап айтқанда, АҚШ-тың Аризона штаты университетімен (Arizona State University) өңірде агроөнеркәсіп кешені саласы бойынша ынтымақтастық орнату жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Бұл бастаманы жүзеге асыруға Қазақстан Республикасының АҚШ-тағы құрметті консулы Хью Холлман да үлес қосып келеді.
Түркістан облысында америкалық John Deere компаниясының ауыл шаруашылығы техникасын құрастыру және Lindsay компаниясының суару жүйелерін өндіру жобаларын іске асыру мүмкіндіктері қарастырылуда. Аталған бастамалар аграрлық саланы жаңғыртуға, озық технологияларды енгізуге және қосымша жұмыс орындарын құруға жол ашады.
Қазіргі таңда Түркістан облысында 200 мыңнан астам шағын және орта бизнес субъектісі қызмет атқарады. Сонымен бірге өңірде 289 шетелдік компания тіркелген. Инвесторларға арнайы экономикалық «TURAN» аймағы мен индустриялық алаңдарда қажетті жағдайлар қарастырылған.
Түркістан өлкесі тарихи-мәдени құндылықтарымен де танымал. Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізілуі, сондай-ақ өңірдегі табиғи және туристік орындардың көптігі аймақтың халықаралық деңгейдегі туристік тартымдылығын арттырып отыр.
Кездесу соңында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық аясын ұлғайтуға, инвестициялық жобаларды ортақ күшпен жүзеге асыруға және өзара тиімді серіктестікті алдағы уақытта да нығайтуға келісті.
