АЛТЫ КӘСІПОРЫН БІР ӨНДІРІСТІК ПАРКТЕ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Шардара ауданына жасаған жұмыс сапары аясында қаладағы шағын өндірістік паркке барды. Аталған нысанда кәсіпкерлердің өндіріс орындарын ашуына және отандық өнім шығаруға қажетті жағдайлар қарастырылған.

Жалпы аумағы 1 гектарды алып жатқан өндірістік парктің құрылысына 410 млн теңге инвестиция жұмсалған. Жоба шеңберінде әрқайсысының көлемі 200 шаршы метрді құрайтын 6 ғимарат салынып, қолданысқа берілген. Қазіргі уақытта тағы 5 ғимараттың құрылысы жалғасуда.

Өндірістік аумақ барлық қажетті инженерлік инфрақұрылыммен қамтылған. Атап айтқанда, ауыз су, табиғи газ, электр желісі мен кәріз жүйесі жүргізіліп, ішкі жолдар салынған. Кәсіпкерлер арасында өндірістік паркке деген қызығушылық жоғары.

Қазіргі таңда мұнда 6 кәсіпкер өз жұмысын дөңгелетіп отыр. Олар жұмсақ және кеңсе жиһаздарын, модульдік шағын үйлерді, термопанельдерді, қасбеттік материалдарды, терезе жақтауларын және түрлі сәндік-құрылыс бұйымдарын өндірумен айналысады.

Өңір басшысы өндірістік парктегі кәсіпорындардың жұмысымен танысып, шығарылатын өнімдерді көрді. Сонымен қатар жаңадан бой көтеріп жатқан 5 ғимараттың құрылыс жұмыстарын тексерді.

Нұралхан Көшеров өндірістік алаңдардың жергілікті кәсіпкерлікті өркендетудегі рөліне тоқталып, осындай бастамалар өңірде жаңа өндіріс орындарын ашуға, отандық тауарлар көлемін ұлғайтуға және халықты тұрақты жұмыспен қамтуға жол ашатынын жеткізді. Осы орайда аудан әкімі Арман Қарсыбаев пен жауапты сала басшыларына өндіріс бағытындағы жұмыстарды жандандыру жөнінде нақты тапсырмалар берді.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанында Шардара ауданындағы шағын және орта бизнес нысандары өндірген өнімнің жалпы құны 28,8 млрд теңгеге жеткен. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда нақты көлем индексі бойынша 163 пайызды құрайды. Ал шағын және орта кәсіпкерлік саласында 12 мыңнан астам тұрғын еңбек етеді.