АУЫЛДА 10 ОТБАСЫ БАСПАНАЛЫ БОЛДЫ

Түркістан облысының Шардара қаласында тағы 10 отбасы жаңа баспанаға қол жеткізіп, қуанышқа бөленді. Өңір басшысы Нұралхан Көшеров тұрғындарға пәтер кілттерін салтанатты түрде табыстап, қоныстой иелерін жаңа баспаналарымен құттықтады.

Нұралхан Көшеров: 

– Баршаңызды бүгінгі қуанышты сәтпен шын жүректен құттықтаймын! Баспана – адамға жайлы өмір сыйлайтын мекен ғана емес, әр отбасының бақыты мен берекесінің, ертеңге деген сенімінің тірегі. Бүгін баспанаға қол жеткізіп, жаңа кезеңге қадам басқалы отырған отбасылар үшін бұл күннің орны ерекше. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев халықтың тұрмыс сапасын арттыруды, азаматтарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз етуді – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі ретінде айқындап келеді. Осы міндеттерді жүзеге асыру аясында өңірімізде тұрғын үй құрылысы жүйелі түрде жүргізіліп, азаматтардың баспана мәселесін шешуге басымдық берілуде. Биыл облыс көлемінде ауданы 175 мың шаршы метрден астам 102 тұрғын үй салынып жатыр. Осылайша, жыл соңына дейін 3000-нан астам пәтер пайдалануға беріледі. Міне, осы жылы да айтулы жұмыстар жалғасын тауып, тұрғын үй кезегінде тұрған 10 отбасыға жаңа пәтер кілттерін табыстағалы отырмыз. Бүгін – сіздер үшін ерекше қуаныш пен толғанысқа толы күн. Жаңа баспаналарыңыз құтты болсын! Әр шаңырақта отбасылық құндылықтар дәріптеліп, бала күлкісі мен қуанышқа тола берсін! – деді.

Жаңа үйге ие болған азаматтар осындай игі бастаманың жүзеге асуына қолдау көрсеткен Мемлекет басшысына, облыстық және аудандық әкімдік басшылығына ризашылықтарын жеткізіп, алғыстарын білдірді. Салтанатты рәсімнен соң облыс әкімі жаңа баспана иелерімен бірге пәтерлерді аралап, тұрғын үйлердің жағдайымен танысты.

Жалға берілетін баспаналар жергілікті бюджет қаражаты есебінен сатып алынған. Барлығы – 10 пәтер. Олар бір қабатты, екі пәтерден тұратын 5 тұрғын үйге орналасқан. Әр пәтердің жалпы аумағы – 100 шаршы метр. Ал әр тұрғын үйге тиесілі жер телімінің көлемі – 600 шаршы метр.

Жаңа үйлер тұрғын үй кезегіндегі азаматтардың реттілігіне сәйкес әлеуметтік осал топ өкілдеріне үлестірілді. Бұл – баспанаға мұқтаж отбасыларға қолдау көрсету бағытында атқарылып жатқан жұмыстардың нақты нәтижесі.

Пәтерлерде тұрғындардың жайлы тұрмыс кешуіне қажетті барлық жағдай жасалған. Әр баспана 4 бөлмеден тұрады. Ішкі әрлеу жұмыстары толық орындалып, ағаш есіктер мен пластик терезелер орнатылған. Сонымен қатар санитарлық торап қарастырылып, автономды жылыту жүйесімен жабдықталған. Бұдан бөлек, тұрғын үйлер табиғи газ, ауыз су, кәріз жүйесі, электр қуаты және жол инфрақұрылымына толықтай қосылған. Тұрғын үйлердің құрылысы 2026 жылдың ақпан айында басталып, белгіленген мерзімде аяқталды. Жобаның инвесторы – Нұрсұлтан Жолдасов.

Шардара ауданында халықты баспанамен қамтамасыз ету жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы – 164, ал өткен жылы – 72 отбасы жаңа үйге қоныстанған. Нәтижесінде, соңғы екі жылда аудандағы 236 отбасы баспаналы болды. Олардың қатарында әлеуметтік осал санаттағы азаматтар, көпбалалы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар бар.