ЕТ ӨНДІРІСІН 10 ПАЙЫЗҒА ЖЕТКІЗУ МІНДЕТІ ҚОЙЫЛДЫ
Түркістан облысында бір мезетте 50 мың басқа дейін ірі қара малды бордақылауға мүмкіндік беретін Орталық Азиядағы ең ірі кешендердің бірі пайдалануға берілді.
Жаңа нысанның ашылу салтанатына Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров және ауыл тұрғындары қатысты. Кешен Қожатоғай ауылдық округінде орналасқан.
Ауқымды жобаны «Қайып Ата» компаниялар тобына қарасты «Түркістан Агро KZ» ЖШС жүзеге асырды. Өндірістік нысан жемшөп өсіруден бастап малды бордақылау, сою, ет өнімдерін өңдеу және дайын тауарларды нарыққа жеткізуге дейінгі барлық кезеңді біріктіреді.
Кәсіпорын жылына 15 мың тоннаға дейін ет өндіруге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, компаниялар тобының құрамында жылдық қуаттылығы 7,2 мың тоннаны құрайтын ет өңдеу кәсіпорны және 46 мың тонна құрамажем өндіретін зауыт бар.
Сондай-ақ 1,4 мың гектар жерге жаңбырлатып суару жүйесін пайдалана отырып, мал азығын өсіру және 12 мың бас малға арналған заманауи мал биржасын тұрғызу жұмыстары жүргізілуде.
Кешен құрылысы кезінде Аустралияның озық технологиялары мен тәжірибесі пайдаланылды. 2024 жылдан бері елімізде етті мал шаруашылығын дамытудың аустралиялық үлгісінің бірқатар тиімді тетіктерін енгізу қолға алынған. Оның негізгі мақсаты – малдың өнімділігін жоғарылату, өндірістік шығындарды қысқарту, бордақылау алаңдары мен мал саудасының инфрақұрылымын жетілдіру. Салтанатты жиында Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин бұл жобаның отандық мал шаруашылығы үшін маңызы зор екенін атап өтті.
Серік Жұманғарин:
«- Бүгін біз Орталық Азиядағы ең ірі бордақылау кешендерінің бірін ашып отырмыз. Үш жыл бұрын қазақстандық фермерлермен бірге Аустралияға барып, мал шаруашылығын жүргізудің озық тәжірибесін зерделедік. Бүгінде сол тәжірибенің іс жүзінде қолданылып жатқанын көріп отырмыз. Қазақстанда бұл саланы одан әрі дамытуға барлық мүмкіндік бар. Атап айтқанда, кең жайылымдық алқаптар, жемшөп қоры, білікті мамандар және экспорттық әлеует жеткілікті. Былтыр ет экспорты 100 мың тоннадан асты. Алайда бұл – еліміздің әлеуеті толық пайдаланылды деген сөз емес. Қазір агроөнеркәсіп кешенінің елдің жалпы ішкі өніміндегі үлесі шамамен 6%-ды құрайды. Мал шаруашылығын дамыту, өндіріс көлемін ұлғайту және ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу экономикалық өсімнің қосымша көздеріне айналуға тиіс. Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешенінің жалпы ішкі өнімдегі үлесін 10%-ға жеткізу міндетін қойып отырмыз», – деді.
Жаңа өндіріс орны еліміздің ет өндірісін ұлғайтуға, экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге және агроөнеркәсіп саласының экономикадағы үлесін арттыруға серпін бермек.
