17 АЛТЫН МЕДАЛЬ ЕНШІЛЕГЕН

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Үндістан астанасы Нью-Дели қаласында ұйымдастырылған қол күресінен 47-ші әлем чемпионатында үздік нәтиже көрсеткен өңір спортшыларымен жүздесті. Салтанатты рәсім барысында әлемдік бәсекеде алтын медаль еншілеген спортшыларға облыс әкімінің Алғыс хаттары мен ақшалай сертификаттар табысталып, екі спортшыға пәтер кілттері берілді.

Нұралхан Көшеров: 

– Әлем чемпионатында үздік өнер көрсетіп, биік белестерді бағындырған баршаңызды шын жүректен құттықтаймын! Байрақты бәсекеге әлемнің 67 мемлекетінен 2 мыңға жуық спортшы қатысты. Қазақстан намысын 70 атлет қорғады. Олардың қатарында Түркістан облысынан 32 спортшы қатысып, 17 алтын, 6 күміс және 9 қола медаль жеңіп алды. Әрбір жетістіктің негізінде спортшының табандылығы мен тынымсыз дайындығы, сондай-ақ жаттықтырушылардың қажырлы еңбегі жатыр. Сіздердің жеңістеріңіз – өскелең ұрпаққа өнеге, өңіріміз үшін зор мақтаныш. «Шардара Армспорт» спорт клубына толағай табыс тілеймін.

Бүгінде облыста бұқаралық және жоғары жетістіктер спортын өркендетуге, ұлттық спорт түрлерін кеңінен дәріптеуге айрықша мән берілуде. Спорттық инфрақұрылымды жетілдіру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Жеңістеріңіз құтты болсын! Қазақстанның мерейін үстем етіп, көк туымызды әлемдік ареналарда асқақтата беріңіздер! Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, еңбектеріңізге табыс және алдағы жарыстарда толағай жетістіктер тілеймін! – деді.

26 қазан мен 7 қараша күндері Үндістанның Нью-Дели қаласында өткен 47-ші әлем чемпионатына 67 елден 2 мыңға жуық спортшы жиналды. Қазақстан құрамасы сапында сынға түскен Түркістан облысының 32 өкілі 17 алтын, 6 күміс және 9 қола медальді қанжығасына байлады.

Жарыстың алтын жүлдегерлері арасында 85 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Нұрдәулет Айдархан бар. Ол әлем чемпионы атағын 13-рет жеңіп алды. 55 келіде Ердәулет Нұрмахан алтын медаль иеленіп, әлемнің 6 дүркін чемпионы атанды. Ал 60 келі салмақта Нұрсұлтан Алдан, 65 келіде Ұлболсын Эльмурат екінші рет әлем чемпионы атанды.

Сонымен қатар 60 келіде Ұлжан Оралбай, 70 келіде Ырысты Оразхан, мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында 90 келіде Ұлықбек Құралбаев, 50 келіде Жарылқасын Рүстембек, 65 келіде Бекжан Қожантай, 70 келіде Асылжан Базарбай, 75 келіде Асылжан Бекжігіт, 80 келіде Тұрарбек Тұрғанбек, 85 келіде Нұрболат Басымбек және 90 келіде Ердәулет Мұхамбетов чемпиондық тұғырдан көрінді.

Қол күресінен халықаралық жарыстарда жоғары нәтижелерге қол жеткізіп жүрген спортшылардың барлығы Шардара ауданындағы «Шардара Армспорт» спорт клубында тәлім алған. 2001 жылы Арман Қарсыбаевтың бастамасымен негізі қаланған клуб ширек ғасырдан астам уақыт ішінде ел спортына көптеген чемпиондарды тәрбиелеп берді.

2001-2026 жылдар аралығында клубта жаттыққан 150-ге жуық спортшы әлем чемпионы атанса, 119 спортшы әлем чемпионаттарының жүлдегері болған. Бұдан бөлек, 26 спортшы Әлем кубогын жеңіп алып, 5 спортшы әлемдік комбат ойындарының чемпионы атанды. Ал Азия чемпионаттарында 347 спортшы жеңіс тұғырына көтеріліп, 284 спортшы жүлделі орындарға ие болды.