ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРМЕН ТАНЫСТЫ
Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Түркістан облысына жасаған жұмыс сапары аясында бірқатар өндіріс орындарын аралап, жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалардың барысымен танысты. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласының өкілдерімен кездесіп, өңірдің аграрлық және өнеркәсіптік әлеуетін дамыту мәселелерін талқылады.
Шардара ауданында Серік Жұманғарин облыс әкімі Нұралхан Көшеровпен бірге жергілікті кәсіпкерлікті қолдау және жаңа өндіріс орындарын шоғырландыру мақсатында құрылған шағын өнеркәсіптік парктің жұмысын көрді.
Жалпы аумағы 1 гектарды құрайтын өндірістік алаңда алты ғимараттың құрылысы аяқталған. Қазіргі таңда тағы бес нысан бой көтеріп жатыр. Мұнда жиһаз, модульдік үйлер, термопанельдер, терезе жақтаулары мен құрылыс материалдарын өндіретін кәсіпорындар орналасқан.
Өнеркәсіптік паркке газ, электр энергиясы, ауызсу және кәріз жүйелері тартылып, кірме жол салынған. Қосымша өндірістік ғимараттардың бой көтеруі жаңа кәсіпорындарды тартуға, шағын бизнестің өрісін кеңейтуге және жұмыс орындарын көбейтуге мүмкіндік береді.
Сапар барысында вице-премьер Түркістан қаласындағы «TURAN» арнайы экономикалық аймағының өнеркәсіптік субаймағына да барды. Жалпы аумағы 290 гектар болатын аумақта 4 мыңнан астам адамды жұмыспен қамтитын 16 инвестициялық жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Бүгінде мұнда 665 адам еңбек ететін алты кәсіпорын жұмысын бастаған.
Арнайы экономикалық аймақ резиденттері полимер құбырлары мен қаптама материалдарын, тау-кен металлургия кешеніне қажетті өндірістік жабдықтарды, сэндвич-панельдерді шығарумен айналысады. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы техникасын жасау және тоқыма өнеркәсібін өркендету бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Арнайы экономикалық аймақ аумағында Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешенінің құрамына кіретін бірқатар өндіріс нысаны салынуда. Бұл – облыста мақта-тоқыма кластерін қалыптастыруға бағытталған ауқымды жобалардың бірі.
Қытайдың Xinjiang Lihua Cotton Co. Ltd компаниясының қатысуымен жүзеге асырылып жатқан «Түркістан мақта агроөнеркәсіптік кешені» ЖШС жобасының жалпы құны 146 млрд теңгені құрайды. Жоба мақта өсіруден бастап, оны өңдеу және дайын тоқыма бұйымдарын шығаруға дейінгі толық өндірістік тізбекті қамтиды. Кешен құрамында барлығы 11 кәсіпорын салу көзделген.
Қазіргі уақытта оның сегіз өндірістік нысаны іске қосылған. Олардың қатарында төрт мақта өңдеу зауыты, тамшылатып суару таспаларын шығаратын кәсіпорын, ПВХ құбырларын өндіретін зауыт, иіру фабрикасы және мақта тұқымын қайта өңдеу орны бар.
Кешеннің тұрақты жұмыс істеуі үшін қажетті шикізат базасы да кеңейтілуде. Суды үнемдеу технологиялары қолданылып, 52 мың гектар алқапқа мақта егілген. Орташа өнімділік гектарына 56 центнерді құрады. 2024-2026 жылдар аралығында жобаны іске асыру нәтижесінде 1 200 адам тұрақты жұмыспен қамтылған.
Келесі кезеңде өндіріс ауқымын одан әрі ұлғайту жоспарланып отыр. Атап айтқанда, тоқыма емес материалдар өндіретін зауыт, бояу цехы және тігін фабрикасы салынады. Бұл кешеннің өндірістік мүмкіндігін арттырып, дайын өнім көлемін ұлғайтуға жол ашады.
Жұмыс сапарының қорытындысында Серік Жұманғарин Түркістан облысының фермерлерімен бас қосып, аграрлық саланың өзекті мәселелерін талқылады. Кездесу барысында ауыл шаруашылығын дамыту, мемлекеттік қолдау тетіктері және шаруаларды толғандырған басқа да мәселелер сөз болды.
