ОБЛЫС ӘКІМІ ЕҢБЕК ШАРТТАРЫН ТҮЗУ АРҚЫЛЫ ЖҰМЫСШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫН ҚОРҒАУДЫ ТАПСЫРДЫ

Түркістан облысында азаматтардың әл-ауқатын арттыру, еңбек қатынастарын заң аясында реттеу және кедейлік деңгейін азайту бағытындағы шаралар қарқынды түрде жалғасып жатыр. Бұл өзекті мәселелер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы жиында жан-жақты талқыланды. Жиын барысында өңір басшысы бірқатар басқармалар мен аудан-қала әкімдіктерінің жұмысында орын алған олқылықтарды атап өтіп, жауапты тұлғаларға нақты міндеттер жүктеді. Сонымен қатар еңбек саласындағы тәртіпті күшейту және халықты тұрақты жұмыспен қамту бағытында жүйелі қадамдар жасау қажеттігін ерекше атап өтті.

 

Нұралхан Көшеров:

Еңбек шарттарын ресми тіркемеген, міндетті зейнетақы жарналарын аудармай отырған және қызметкерлерді өндірістік жазатайым оқиғалардан сақтандыру талаптарын орындамаған кәсіпорындарды толық анықтап, олардың қызметін заң талаптарына сәйкестендіру қажет. Әлеуметтік көмек алушылар санын заң шеңберінде қысқарту үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға басымдық беру керек. Кәсіпорындармен тығыз байланыс орнатып, жұмыссыз азаматтарды жұмыспен қамту мәселесін жүйелі шешу – басты міндет. Экономиканың дамуы мен өңірлік кірістің артуы тікелей осы шараларға байланысты, – деді.

Жиында облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков баяндама жасап, өңірдегі еңбек қатынастарының қазіргі ахуалы мен алдағы жоспарларды баяндады. Оның айтуынша, еңбек шарттарының заңды түрде рәсімделмеуі өңірдегі өзекті мәселелердің бірі болып қалып отыр. Мемлекеттік еңбек инспекциясының деректеріне сәйкес, 3329 мекемеде 10449 қызметкердің еңбек шарты тіркелмеген. Бұл жағдай әсіресе кәсіпкерлік, білім беру, әлеуметтік қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы салаларында жиі кездеседі. Сонымен қатар, 2601 мекемеде 7677 адаммен ресми келісімшарт жасалмаған, ал 15234 ұйым 55790 қызметкер үшін міндетті зейнетақы жарналарын аудармаған. Кейбір кәсіпорындарда қызметкерлерді сақтандыру талаптары да сақталмаған. Бұл көрсеткіштер жұмыс берушілердің жауапкершілігін арттыру қажеттігін көрсетеді.

Әлеуметтік қолдау шаралары да кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. 2026 жылға арналған жоспарға сәйкес, 59062 адамға атаулы әлеуметтік көмек көрсету үшін 6,5 млрд теңге қарастырылған. Нәтижесінде кедейлік деңгейін 2,7%-ға дейін төмендету көзделіп отыр. Жылдың алғашқы тоқсанында 36 890 азаматқа (5960 отбасы) 1,6 млрд теңге көлемінде көмек көрсетілді. Қабылданған шаралардың нәтижесінде өңірде кедейлік деңгейі 1,7%-ға дейін төмендеп, әлеуметтік көмек алушылар саны 40,7%-ға азайды. Соңғы бес жыл ішінде бұл көрсеткіш тұрақты түрде төмендеп, 2022 жылмен салыстырғанда 68,6%-ға қысқарған.

Сауран, Отырар және Ордабасы аудандарында жүргізілген тексерістер барысында 675 отбасының әлеуметтік жағдайы сараланып, 115 заңбұзушылық анықталды. Атап айтқанда, 5,3 млн теңге көлеміндегі әлеуметтік төлемдердің негізсіз тағайындалғаны белгілі болды. Қазіргі таңда бұл қаражатты бюджетке қайтару бойынша шаралар қабылдануда. Жауапты мекемелерге кемшіліктерді жою бойынша нақты тапсырмалар берілді және бақылау күшейтілді.

Кедейлікті төмендетудің тиімді құралдарының бірі ретінде «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылып жатыр. Сауран ауданы пилоттық аймақ ретінде белгіленіп, халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Атап айтқанда, отбасының цифрлық картасындағы «D» және «E» санатындағы азаматтарды «C» деңгейіне көтеру көзделген. Жоба аясында тұрғындарға кооперативтерге бірігу, төмен пайызбен несие алу және тұрақты жұмысқа орналасу мүмкіндіктері түсіндірілуде. Нәтижесінде 32 азамат жеңілдетілген несие алып, жеке кәсібін бастауға ниет білдірген. Сонымен қатар 46 тұрғын бұғатталған банк шоттарын қалпына келтіру жұмыстарын қолға алған.

Өңірге инвестиция тарту бағытында да оң өзгерістер бар. «LIHUA GROUP» және «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» секілді ірі инвесторлардың қатысуы жаңа өндіріс орындарын ашуға және қосымша жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беріп отыр. Бұл өз кезегінде халық табысын арттырып, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге ықпал етеді.

Түркістан облысында еңбек қатынастарын заңдастыру, азаматтарды жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және әлеуметтік қолдау жүйесін жетілдіру бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады. Осы шаралар арқылы өңір экономикасын нығайтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыру көзделіп отыр.