ТҮРКІСТАНДА ЖАҢА ИНФРАҚҰРЫЛЫМДЫҚ ЖӘНЕ ТУРИСТІК ЖОБАЛАР ТАЛҚЫЛАНДЫ

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өңірде бой көтеретін нысандар мен жобалардың сәулеттік келбетін қарастыруға арналған кезекті мәжіліс өтті. Жиында Келес ауданы мен Түркістан қаласында жүзеге асырылуы көзделген бірқатар бастамалар сараланды.

Басқосу барысында 7 сәулеттік жоба таныстырылып, жас сәулетшілер өздерінің ұсыныстары мен тың идеяларын ұсынды.

Өңір басшысы әрбір жобаға қатысты нақты міндеттер жүктеді. Ол сәулеттік талаптардың қатаң сақталуына, заманауи үрдістер мен ұлттық нақыштың үйлесімді ұштасуына, сондай-ақ тұрғындар үшін жайлы әрі сапалы орта қалыптастыруға ерекше назар аудару қажеттігін атап өтіп, жобаларды іске асыру бағытында тиісті жұмыстар жүргізуді тапсырды.

Кеңес отырысында Келес ауданында су спорт кешенін салу, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі аумағын қоршау, Түркістан қаласында ауқымды іс-шаралар өткізуге арналған Рәміздер алаңын салу, жол бойында жүк көліктеріне қызмет көрсететін сервистік орталық ашу, футбол академиясын құру секілді жобалар талқыланды. Сонымен қатар туристер ағынын арттыруға бағытталған жаңа бастама ұсынылды.

Сондай-ақ Түркістан қаласындағы базар аумағында туристерге арналған жаңа нысандар ашу, Көне Арбаттың сәулеттік келбетін жаңғырту, қаланың туристік және ландшафтық тартымдылығын күшейту мақсатында өрік бағын орналастыру, туристік маршруттар жүйесін жетілдіру, саяхатшы паспорты мен маршруттар картасын әзірлеу, туристерге қызмет көрсететін электрокар бағыттарын жаңарту жөніндегі ұсыныстар қаралды. Жоба аясында базар аумағын тек сауда орны ретінде ғана емес, Түркістанның негізгі туристік орталықтарының біріне айналдыру көзделуде.

Бұдан бөлек, Тәуке хан даңғылын абаттандыру және қайта жаңғырту, туристерге арналған жаяу жүргіншілер инфрақұрылымын дамыту, көшелерді көріктендіру, қолданыстағы ғимараттардың сәулеттік келбетін жетілдіру және оларды туристер үшін тартымды ету мәселелері талқыланып, тиісті ұсыныстар берілді.

Мәжіліс соңында Әкімшілік-іскерлік орталық аумағында жүзеге асырылып жатқан құрылыс жобаларының орындалу барысы және Түркі елдерінің орталығын салу жобасы жөнінде баяндалды.