ТҮРКІСТАН ОБЛЫСЫНДА ЖҮГЕРІНІ ТЕРЕҢ ӨҢДЕУГЕ АРНАЛҒАН ІРІ ӨНДІРІС ОРНЫ САЛЫНУДА

Түркістан облысы индустриялық даму мен агроөнеркәсіптік секторды әртараптандыру бағытында жаңа кезеңге қадам басты. Өңірде ауқымды инвестициялық жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып, өндірістік әлеует артып келеді. Шардара ауданындағы индустриалды аймақта бой көтеріп жатқан «Казкрахмал» крахмал-сірне зауыты – облыстың өнеркәсіптік және аграрлық мүмкіндіктерін тиімді ұштастыратын, экономиканың жаңа қозғаушы күшіне айналатын маңызды жобалардың бірі.

Қазіргі уақытта шикізатты қабылдау, кептіру және сақтау кешендері пайдалануға берілген. Бүгінде өндірістік қуаттарды кезең-кезеңімен іске қосу және қалдықсыз өңдеу технологияларын енгізу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорында крахмал, сірне, тағамдық глюкоза, мальтоза шәрбаты, жүгері майы, глютен, кебек және түйіршіктелген құрамажемді қоса алғанда 20-дан астам өнім түрін өндіру жоспарланған. Өндірістік процесте тек генетикалық түрлендірілмеген жүгері қолданылатын болады.

Биыл толық іске қосылатын бұл өндірістік жоба жүгеріні терең өңдеуге бағытталған Қазақстандағы ең ірі бастамалардың бірі саналады. Жоба толық жүзеге асқаннан кейін зауыт жылына 150 мың тонна жүгері өңдеп, 26 түрлі өнім өндіруге мүмкіндік алады. Бұл тек өндіріс көлемінің ұлғаюын ғана емес, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу арқылы қосылған құнды арттыруды білдіреді. Яғни, шикізатты сыртқы нарыққа шығарумен шектелмей, дайын өнім өндіру арқылы өңір экономикасының тиімділігі күшейеді.

Жобаның жалпы инвестициялық құны 35 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорын өнімдеріне ішкі нарықпен қатар Азия және Еуропа мемлекеттерінде де сұраныс жоғары болады деп күтілуде. Аталған жобаны жүзеге асыру еліміздің экспорттық әлеуетін нығайтып, өңірдің инвестициялық тартымдылығын жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік береді.

Түркістан облысы инвестиция тарту көрсеткіші бойынша республика көлемінде көшбасшы өңірлердің қатарында. Бұл бағытта облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің тұрақты бақылауымен жүйелі жұмыстар атқарылып, стратегиялық маңызы бар жобаларға жан-жақты қолдау көрсетілуде. Өңірдегі индустриалды және арнайы экономикалық аймақтардың мүмкіндіктері тиімді пайдаланылып, жаңа өндіріс орындары іске қосылуда. «Казкрахмал» зауыты алдағы уақытта Қазақстан ғана емес, Орталық Азиядағы жүгеріні терең өңдеу саласындағы ең ірі әрі қарқынды дамып келе жатқан кәсіпорындардың біріне айналады. Болашақта өндірістік қуаттылығы 300 мың тоннаға дейін жеткізіліп, әлемнің 100-ден астам серіктесімен ынтымақтастық орнату жоспарланып отыр.

Инвестициялық жоба екі кезең бойынша жүзеге асырылуда. Бірінші кезеңде жүгеріні қабылдау, кептіру және сақтау инфрақұрылымы қалыптастырылса, екінші кезең аясында толыққанды терең өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Сонымен қатар бүгінгі таңда шикізат қорын қалыптастыру өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Осыған байланысты облыста жүгері егістіктерінің көлемін ұлғайту бағытында нақты шаралар қабылдануда. Шардара, Жетісай және Мақтаарал аудандарында жаңа алқаптар игеріліп, аграрлық саланы әртараптандыру жұмыстарына басымдық берілуде.

«Казкрахмал» зауыты заманауи технологиялармен жабдықталған және өндірістік процестердің 80 пайызы автоматтандырылған. Бұл өнім сапасын тұрақты бақылауға, өндірістік шығындарды төмендетуге және бәсекеге қабілетті өнім шығаруға мүмкіндік береді. Кәсіпорында халықаралық деңгейдегі мамандардың тәжірибесі қолданылып, әлемдік стандарттарға сәйкес өндіріс жүйесі қалыптастырылған.

Зауытта өндірілетін негізгі өнімдердің қатарында жоғары сапалы жүгері крахмалы мен сірне өнімдері бар. Аталған өнімдер тамақ өнеркәсібінде, фармацевтика саласында және басқа да өндіріс бағыттарында кеңінен пайдаланылады. Кәсіпорын экологиялық талаптарды қатаң сақтай отырып, тұрақты даму қағидаттарына негізделген өндіріс жүргізуді мақсат етеді.

Мұндай инвестициялық жобалар өңірдің экспорттық мүмкіндігін кеңейтіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарының ашылуына, ауыл шаруашылығының дамуына және жалпы экономиканың тұрақты өсіміне оң ықпал етеді.