ӨҢІРДЕ 377 ЖОБА ІЛЕСКЕРЛІК ҚОЛДАУҒА ИЕ
Түркістан облысында кәсіпкерлікті өркендету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Саладағы өзекті мәселелер мен алдағы кезеңге арналған міндеттер облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппараттық мәжілісте қаралды.
Өңірде қазіргі таңда 200 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі қызмет атқаруда. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы Алматы және Астана қалаларынан кейін республикада үшінші орында келеді. Сонымен қатар сауда саласындағы нақты көлем индексі 119,7 пайызға жетіп, өңір еліміздегі үздік үштіктің қатарына енді.
Облыста кәсіпкерлік бастамаларды сүйемелдеу, қаржылай қолдау көрсету және өндірістік инфрақұрылым арқылы жаңа кәсіпорындар ашу бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде «Түркістан» кәсіпкерлерге қызмет көрсету мекемесі арқылы жалпы құны 58,5 миллиард теңгені құрайтын 377 бизнес-жоба сүйемелденіп жатыр. Аталған жобалар толық жүзеге асқан жағдайда 3082 жаңа жұмыс орны құрылады.
Жыл басынан бері осы жобалардың 78-і іске қосылып, экономикаға 9,5 миллиард теңге инвестиция тартылды. Нәтижесінде 275 азамат тұрақты жұмыспен қамтылды. Пайдалануға берілген жобалардың қатарында сабын және пластик ыдыс өндіру, балық өңдеу, ауыл шаруашылығы техникасына арналған қосалқы бөлшектер шығару, жиһаз жасау, мақта өңдеу, құрылыс материалдарын өндіру және медицина саласындағы кәсіпорындар бар.
Кәсіпкерлерді қолдаудың негізгі құралдарының бірі саналатын қаржыландыру бағытында да нақты нәтижелерге қол жеткізілуде. Биыл «Өрлеу» және «Іскер аймақ» бағдарламалары аясында кәсіпкерлерге 85 миллиард теңге көлемінде несие беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін «Өрлеу» бағдарламасы бойынша 64 жобаға 18,6 миллиард теңге қаржы бөлінді. Ал «Іскер аймақ» бағдарламасы арқылы 6 жобаға 448,5 миллион теңге көлемінде несие рәсімделді.
Сонымен бірге «Ауыл аманаты» бағдарламасы шеңберінде 140 жобаға сүйемелдеу жұмыстары жүргізіліп, бүгінгі күнге дейін 69 жобаға 606,4 миллион теңге көлемінде қаржы қарастырылған. Бағдарлама аясында қымыз өндіру, аяқ киім тігу, балық өңдеу, табиғи шырын шығару, ет және мақта өнімдерін өңдеу бағытындағы жобалар іске қосылды.
Өңірде өндірістік инфрақұрылымды дамыту мәселесіне айрықша назар аударылуда. Қазіргі уақытта облыс аумағында 29 шағын өндірістік алаң құрылған. Бұл аумақтарда 275 өндірістік нысанның құрылысы басталып, оның 141-і пайдалануға берілді. Жалпы құны 226,9 миллиард теңгені құрайтын 269 жобадан тұратын пул қалыптастырылған. Оның ішінде 78 жоба іске асырылды.
Өндірістік парктерде жиһаз жасау, құрылыс материалдарын өндіру, жеңіл өнеркәсіп, химия және тамақ өнеркәсібі бағытындағы жобалар жүзеге асырылып жатыр. Жыл соңына дейін ақылды есептегіш құралдар, күн панельдерінің құрамдас бөлшектері, пластикалық құбырлар, тұрмыстық химия өнімдері және құрылыс материалдарын өндіретін бірқатар ірі жобаны іске қосу жоспарланған.
Мәжіліс барысында облыс әкімі Нұралхан Көшеров кәсіпкерлікті қолдау шараларын күшейтуді, өндірістік жобаларды белгіленген мерзімде іске қосуды, инвестиция тарту қарқынын жеделдетуді және жергілікті тауар өндірушілердің үлесін арттыруды тапсырды. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты бақылауда болады.
