ШЕГІРТКЕГЕ ҚОЛДАНЫЛАТЫН ПРЕПАРАТТАРДЫҢ САПАСЫ ҚАТАҢ БАҚЫЛАУДА

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы алқаптарына қауіп төндіретін шегіртке зиянкестеріне қарсы іс-шаралар кешенді түрде ұйымдастырылып, жоғары қарқынмен жүргізіліп жатыр. Бұл мәселе облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен арнайы мәжілісте кеңінен қаралды. 2026 жылы өңірдегі фитосанитариялық тұрақтылықты сақтау мақсатында облыс әкімінің өкімімен арнайы жедел штаб құрылып, барлық жұмыстарды үйлестіру тетіктері күшейтілді. Сонымен қатар шегірткеге қарсы күрес жүргізудің нақты картасы әзірленіп, зиянкес таралған аумақтар 65 секторға бөлініп, әр сектор бойынша жауапты жұмыс топтары бекітілді. Жедел басқару орталығы Келес ауданы Бірлік ауылдық округінде орналасып, барлық іс-шаралардың тиімді әрі уақтылы орындалуын үйлестіруде.

Облыс басшысы жауапты тұлғаларға жұмысты босаңсытпай, белгіленген жоспарларды толық орындауды тапсырды.

Нұралхан Көшеров: 

Шегірткеге қарсы күрес шаралары дер кезінде әрі сапалы жүзеге асырылуы тиіс. Әсіресе қауіп жоғары аймақтарда бақылауды күшейтіп, кемшіліктерге жол берген басшылар тиісті қорытынды шығаруы қажет. Қолданылатын химиялық препараттардың сапасы да қатаң тексерілуі керек. Бұл мәселе тұрақты бақылауда болады, – деп атап өтті.

Жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Марат Орынбаев баяндама жасап, фитосанитариялық шаралардың орындалу барысына тоқталды. Оның мәліметінше, биыл облыс аумағында 1 миллион гектардан астам жерге мониторинг жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда оның 569,4 мың гектары зерттеліп, бұл жалпы көлемнің 62,8 пайызын құрайды. Зерттеу нәтижесінде 183,5 мың гектар алқапта зиянкестер саны экономикалық зияндылық шегінен асқаны анықталған. Шегіртке дернәсілдерінің даму кезеңдері де тұрақты бақылауда ұсталып отыр. Мониторинг жұмыстарын жүргізуге 576 маман мен заманауи 12 дрон тартылған.

Химиялық өңдеу шаралары да жоспарлы түрде жүзеге асуда. Жалпы 421,6 мың гектар жерді өңдеу көзделсе, бүгінгі күні оның 171,5 мың гектары немесе 42 пайызы орындалды. Оның ішінде негізгі бөлігі жер үсті бүріккіш техникаларымен өңделген. Сонымен қатар аэрозоль генераторлары мен авиациялық әдістер де қолданылуда. Бұл жұмыстарға 293 арнайы техника, 72 су тасымалдау көлігі, бірнеше газогенератор және 4 әуе кемесі жұмылдырылған. Өңдеу барысында қолданылатын «Тиаметрин с.к.» және «Гунсяо 10 к.э.» препараттарының сапасы арнайы бақылауға алынған.

Талдау нәтижелері бойынша Сарыағаш ауданының жекелеген секторлары мен Келес ауданындағы бірқатар аумақтар жоғары қауіпті аймақ ретінде белгіленді. Ал Арыс қаласы мен басқа да өңірлерде зиянкестердің таралу деңгейі орташа және төмен деп бағалануда. Әсіресе шөп жамылғысы қалың және Өзбекстанмен шекаралас аумақтарда мониторинг жұмыстары күшейтілген.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Файзулла Байдуллаев саяқ шегірткеге қарсы күрес барысы туралы баяндап, бұл бағыттағы жұмыстардың да жүйелі жүргізіліп жатқанын жеткізді. Өткен жылы бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 535 млн теңге бөлініп, 150 мың гектар алқап өңделген. Биыл 133 млн теңге қарастырылып, 36 мың гектар жерге өңдеу жүргізу жоспарланған. Қазіргі таңда мемлекеттік сатып алу рәсімдері толық аяқталып, мердігер ұйым анықталған. Техникалардың дайындығы тексеріліп, қосымша ресурстар тартылған.

Жалпы әлемдік тәжірибеге сүйенсек, шегірткемен күрес тек химиялық өңдеумен шектелмейді. Мысалы, Африка мен Таяу Шығыс елдерінде зиянкестердің қозғалысын спутниктік бақылау арқылы алдын ала болжау жүйелері кеңінен қолданылады. Сонымен қатар кейбір мемлекеттерде биологиялық әдістер – яғни арнайы саңырауқұлақтар мен табиғи жыртқыштарды пайдалану арқылы шегіртке санын азайту тәжірибесі енгізілген. Австралия мен Қытайда дрондар арқылы нақты ошақтарды анықтап, тек қажетті аймақтарға ғана өңдеу жүргізу тәсілі тиімді нәтиже беріп отыр. Бұл тәсіл қоршаған ортаға түсетін жүктемені азайтып, шығынды үнемдеуге мүмкіндік береді.

🔰Осы тәжірибелерді ескере отырып, Түркістан облысында да заманауи технологияларды кезең-кезеңімен енгізу жоспарланып отыр. Әсіресе цифрлық мониторинг, деректерді талдау және алдын ала болжам жасау жүйелерін жетілдіру – алдағы уақыттың негізгі міндеттерінің бірі.

Облыстағы фитосанитариялық жағдай тұрақты бақылауда. Шегіртке зиянкестерінің таралу қаупі барынша шектеліп, барлық жұмыстар белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Қабылданған шаралар ауыл шаруашылығы өнімдерінің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, өңір экономикасының тұрақты дамуына оң ықпал ететін болады.