АВИАЦИЯЛЫҚ ОТЫНДЫ САҚТАУ КЕШЕНІ САЛЫНАДЫ
Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС директорының бірінші орынбасары Ерлан Ахмолдинмен кездесті. Жиын барысында өңірде инвестициялық жобаны іске асыруға қатысты өзекті мәселелер қаралып, жобаның қазіргі ахуалы мен алдағы кезеңге арналған жоспарлары сараланды. Кездесу кезінде инвестор тарапынан көрсетілген қолдау үшін облыс әкімдігіне алғыс білдірілді.
Өз кезегінде облыс әкімі Нұралхан Көшеров аталған жобаның өңір экономикасы үшін маңызы зор екенін атап өтіп, инвестициялық бастаманы жүзеге асыру бағытындағы тиісті сүйемелдеу жұмыстары одан әрі жалғасатынын жеткізді.
«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС Түркістан облысының Сауран ауданындағы Оранғай ауылдық округінде JET A-1 маркалы авиаотыны мен жанар-жағармай материалдарын сақтауға арналған арнайы базаның құрылысын жүргізуді көздеп отыр. Инвестициялық жобаның жалпы құны – 19 млрд теңге. Кәсіпорын толық қуатында іске қосылғаннан кейін 50 жаңа жұмыс орны ашылады деп жоспарлануда.
Жаңа нысанның жалпы сақтау сыйымдылығы 19 мың текше метрге дейін жетеді. Оның ішінде 12 мың текше метр көлемі ТС-1, РТ және JET A-1 маркалы авиациялық отындарды сақтауға бағытталады.
Инвестициялық жобаны іске асыру үшін қажетті 10,93 гектар жер учаскесін бөлу мәселесі Өңірлік үйлестіру кеңесінің шешімімен мақұлданған. Қазіргі уақытта жерге орналастыру жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Жобаның құрылыс кезеңін 2027 жылдың І тоқсанында бастау жоспарланған. Аталған нысанның іске қосылуы Түркістан облысының отын-энергетикалық инфрақұрылымын дамытуға, авиациялық отынмен қамтамасыз ету мүмкіндігін арттыруға және өңірде жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді.
